Елімізде жұмыс берушілерді қолдау орталығы мен әйел жұмыс берушілер платформасы іске қосылады. Бұл туралы елордада басталған «NEF 2026» жұмыс берушілер қауымдастықтарының бірінші ұлттық форумында белгілі болды.
Жиынға мемлекеттік сектор, халықаралық ұйымдар мен отандық бизнестен 600-ге жуық делегат жиналды. Жаңадан құрылатын орталық өңірлердегі кәсіпкерлер бірлестіктеріне сараптамалық көмек көрсетіп, олардың мүддесін қорғайды. Ал арнайы платформа нәзік жандылардың экономикадағы және шешім қабылдау үдерісіндегі рөлін арттырумен айналысады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл форум жай ғана талқылау алаңы емес, елдегі жұмыс берушілер институтын күшейту мен бәсекеге қабілетті еңбек нарығын құрудың негізгі тетігіне айналуы тиіс.
Қаныбек Жаңбырбаев, «PARYZ» конфедерациясының басқарма төрағасы:
- Үкімет пен жұмысшылардың арасында дұрыс балансты таба отырып, елге қызмет ету. Жұмысшыға не керек? Жұмысшыға жақсы айлық керек, қауіпсіз еңбек және жұмысының дұрыс орны керек. Ал жұмыс берушіге тұрақты экономика, кішкене алдын ала болжай алатын заңдар керек, ал Үкіметке осының барлығын дұрыс жолда қамтамасыз етіп, уақытында дұрыс заңдарды қабылдап отыру керек.
Жұмабек Жанықұлов, «PARYZ» ҰЖБК президиумының төрағасы:
- Жасанды интеллекттің келуіне байланысты жылдан жылға мамандық түрлері өзгеріп отырады. Сол өзгерістерге байланысты біз де дайын болуымыз керек. Біз келешекте жаңа мамандықтардың пайда болуына байланысты оларды зерттеп, бірге талқылап отырмыз. Қазақстанда қауымдастықтардың саны 300-ге жуық, сол компанияларда 2 млн адам жұмыс істейді. Біз сол 2 млн адамның сұрақтарын талдауға келдік. Олардың тарифтері мен келешекте қалай дайындалу керектігі қарастырылуда.