Нью-Йорк пен Токиоға тікелей рейс: Қазақстан авиациясы жаңарады

  • 14
  • 19.05.2026, 19:34

Биыл жыл соңына қарай қазақстандықтар Нью-Йоркке тікелей ұшатын болады. Тиісті жұмыс әуе арқылы Токионы да тікелей жалғау мақсатында жүргізіліп жатыр. Аэронавигациялық инфрақұрылым 5 жылда жаңартылады. Мемлекет жалпыға ортақ авиацияны да дамыту ісін назарға алған. Үкімет отырысында саладағы түйткілдер талқыланып, мақсаттар белгіленді. Әуежайларды жаңғырту және жалпы саланы цифрландырудан соң еліміздің авиациялық келбеті қалай өзгермек?

Еліміздің Нью-Йорк пен Токиоға тікелей әуе рейстерін ашу жөніндегі айда амбициясы «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» керіне келіңкірейтін. Бірақ бүгінгі Үкімет отырысынан кейін сең қозғалатындай болып көрінді. Себебі жұмыс көп, баяндама көп, тиісінше тапсырма да жеткілікті. 

Әңгімеміздің әлқиссасын өткір тұрған түйткілден бастайық. Министрдің аузынан естідік. Ұшақ жетіспейді.

Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:

-Жаңа самолетті күту өте ұзақ. Мысалы, бүгін тапсырыс берсе, оны тек 8-10 жылдан кейін алады. Өткен жылы өздеріңіз көргендей Америкада Боинг компаниясымен отандық компаниялар 15 млрд АҚШ долларына келісімге отырды. 2026 жылы 3 самолет сатып алынды. Оның ішінде өзіңіз білетіндей осыдан бір ай бұрын Скат авиакомпаниясы бір күнде 2 жаңа заманауи Боинг келген болатын. Осы жылдың аяғына дейін Қазақстандық авиакомпаниялардың паркіне тағы да 6 самолет қосылады. 

Тапшылықтың жайы түсінікті. Тасымал көлемі артқан. Халықаралық бағыттардың да аясы кеңи бастады. Қазірдің өзінде 4 жаңа бағыт ашылса, жыл аяғына шейін тағы 11-і тыңнан қосылады

Өткен жылы елдегі әуе компаниялары 15 млн жолаушыны тасымалдаса, әуежайлар 32 млн адамға қызмет көрсеткен. Әуе жүк тасымалының көлемі 173 мың тонна. Ал биыл 4 айдағы жолаушы тасымалы 4 млн адам.  

Инфрақұрылым жаңартылады

Әуе жүк тасымалы жыл басынан бері төмендеп кетті. Таяу Шығыстағы соғыс себеп. Бірақ бұл бағытты дамытудың 5 жылдық жоспары әзірленді. Ол жүк таситын ұшақтарды кеден салығынан босату, авиаотынмен қамтамасыз ету және ауыр ұшақтарды қабылдай алу үшін әуежайлар мен олардың инфрақұрылымдары жаңғырту сияқты кешенді шараларды қамтиды. Мұның сыртында алдағы бес жылда аэронавигациялық инфрақұрылым толығымен жаңартылады. Цифрландыру. Енгізіліп жатқан Q-Gate жүйесі жолаушыларды бақылауды 3 минуттан 50 секундқа дейін қысқартады. Сол секілді әуе жүк тасымалына енгізіліп жатқан E-Freight цифрлық платформасы жүк ағынын 1 күннен бір сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік бермек. Отандық авиация саласы өсіп келеді. Мамандар ше?

Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

-Егер 2022 академияда 1438 студент білім алса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2478 адамға жетті. 2022 -23 оқу жылында 180 грант бөлінсе, 2025-26-оқу жылында 618 грант бөлінді.

Кадр даярлау мәселесінде әлемнің 22 оқу орнымен байланыс орнатылған. Негізгі стратегиялық серіктес әлемнің маңдай алды оқу орны Кент Стэйт Юниверсити. Санитарлық және төтенше құтқару, туристік және өнеркәсіп салалары да авиацияға арқа сүйейді. Бұл өзі үлкен бір бағыт ретінде дамиды енді. Қысқасы жанталасқан жұрт. Себебі бұл стратегиялық міндет. Әлем көшінен қалуға жол жоқ.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- 2050 жылға қарай жолаушылар саны жылына 12 млрд-тан асады. Ал коммерциялық ұшақтардың паркі 2034 жылға қарай екі есеге артады. Жаңа халықаралық бағыттарды, атап айтқанда Еуропа одағы елдері мен АҚШ-қа рейстерді ашу жұмысын жеделдету қажет. Жалпы алғанда көлік министрлігі әуе компанияларымен және әуежай қызметтерімен бірлесіп, өсіп келе жатқан жолаушылар ағынына сай, сапалы жайлы әрі жедел қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмыс жүргізуі қажет.

Ал қараша айында Қазақстан АҚШ-қа әуе рейстерін орындауға рұқсат алуы мүмкін. Күзде тікелей әуе қатынасын ашуға қажетті мәртебе алу рәсімі аясында FAA IASA сарапшылары келеді. Көреді, тексереді, батасын береді. Қазір осыған байланысты Азаматтық авиация комитеті ішкі бақылауды күшейткен. 104 эксплуатант, 973 әуе кемесі және 25 сертификатталған әуежай бар. Айтпақшы барлығы бірдей дерлік мінсіз деуге болмайды, былтыр ішінара бұзушылықтар анықталып 7 авиакомпанияның қызметі уақытша тоқтатылған.

Берік Дүйсенбай, Аян Сәрсенбаев