Сынақтар Алматы - Қонаев тасжолы бойындағы арнайы алаңда ұйымдастырылды. Дәл осы аумақта еліміздегі алғашқы вертипорт, яғни тік ұшып-қонатын құрылғыларға арналған кешен салынып жатыр. Бүгін AutoFlight компаниясының PROSPERITY үлгісіндегі электрлі әуе аппараты таныстырылды. Аэротакси бір пилот пен төрт жолаушыға арналған. Сағатына 300 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшып, алдын ала белгіленген бағыттар бойынша қатынай алады. Жоба Алатау, Алматы, Қонаев қалалары мен туристік аймақтар арасындағы қатынасты жеңілдетіп, жол уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Келлен Се, өндіруші компанияның вице-президенті:
- Бұл аппарат тікұшаққа қарағанда әлдеқайда тыныш ұшады және оған үлкен әуежай мен ұзын ұшу жолағы қажет емес. Арнайы шағын алаң болса жеткілікті. Соның арқасында қалалар мен түрлі бағыттар арасында әуе қатынасын тез іске қосуға мүмкіндік бар. Қазір мұндай аэротаксилер Қытайдың Шыңжаң өңірінде қолданылып жатыр. Ал Алатау қаласындағы жоба Қазақстанда ғана емес, тұтас Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып іске асады.