Биыл Қарағанды облысында 1 миллион 230 мың гектарға дәнді және майлы дақылдар егіледі. Қазір өңірде 400 мың гектарға жуық жерге тұқым себіліп, картоп пен көкөніс егу жұмыстары қыза түсті. Диқандар тұқым, техника және арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілген. Егіс науқаны қалай жүріп жатыр және шаруалар қандай бағыттарға басымдық беруде?
«Шахтёрское» шаруа қожалығында егіс науқанын 25 мамырға дейін аяқтау жоспарланған. Биыл алқаптарды әртараптандыруға басымдық беріліп, майлы дақылдардың көлемі ұлғайтылды және алғаш рет күнбағыс егілді. Шаруашылықта 32 мың гектардан астам жерге дәнді дақылдар, тағы 6500 гектарға жуық аумаққа майлы дақылдар егілген. Зығыр мен күнбағыстан бөлек, суармалы жерлерде рапс өсіріледі.
Георгий Прокоп, шаруа қожалығының директоры:
- Біздегі егіс алқабының 70 пайызына бидай егіледі. Бұған қоса, сояның бес сұрпын, бұршақтың екі түрін егіп жатырмыз. Сонымен қатар биыл алғаш рет суармалы жерге үш түрлі жүгері ектік. Алдағы уақытта біздің климатқа бейімін таңдап аламыз.
Шаруашылықта суармалы егіншілікті дамыту жұмысы жалғасуда, сондай-ақ картоп алқаптары да ұлғайтылған. Биыл мұнда 750 гектар жерге картоп отырғызылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 250 гектарға артық. Осыған байланысты өнім сақтау қоймаларын кеңейту жұмысы қолға алынған. Қазір шаруашылықта жалпы сыйымдылығы 20 мың тонна болатын екі көкөніс қоймасы жұмыс істеп тұр. Тағы бір 15 мың тонналық қойма салынып жатыр.
Виталий Прокоп, шаруа қожалығы директорының орынбасары:
- Жақында біз төртінші көкөніс қоймасының құрылысын бастаймыз. Жобаның құны – 4 миллиард 330 миллион теңге. Бұл заманауи тоңазытқыш және желдету жүйелерімен жабдықталған жаңа көкөніс қоймасы болады. Құрылысты 2027 жылы толық аяқтаймыз.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Қарағанды облысы бойынша биыл 1 миллиард 230 мың гектар жерге егін салынады. Бұл былтырғыдан 50 мың гектарға көп. Әсіресе шаруалар майлы дақылдар мен мал азығына қажетті алқаптарды кеңейткен.
Сырым Бошпанов, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі науқанға 229 егіс кешені, 19 мыңға тарта трактор, 4 мыңнан астам тұқым сепкіш және қосымша 9 мыңға тарта техникалар қазір қолданылуда.
Көктемгі егіс жұмыстары үшін диқандар тұқыммен және бағасы жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілді. Бұл шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Отынды ашық әрі әділ бөлу мақсатында бақылау күшейтілген. Мысалы, түрлі-түсті таңбалау мен электронды есепке алу жүйесі қолданысқа енгізілген. Бұл әр жеткізілген отынды назарға алуға және мақсатсыз шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жалпы облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына көрсетліген мемлекеттік қолдау көлемі 7 миллиард теңгеден асқан. Егін салу науқанын ай соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит