Бұл үшін тың технологияларды енгізген шаруаларға субсидия беріледі. Тек 2026-2028 жылдар аралығына 214 млрд теңге қарастырылып отыр.
Қазақстан су тапшылығы жоғары елдердің қатарына жатады. Кейбір мәліметтер бойынша елдегі су ресурстарының жартысына жуығы трансшекаралық өзендер арқылы көрші мемлекеттерден келеді. Ал жалпы тұтынылатын судың шамамен 65%-ы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Осыған байланысты су үнемдеу және суды тиімді пайдалану – күн тәртібіндегі мәселе.
Ақерке Молдабек, ҚР СРИМ Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің бас сарапшысы:
- 2024 жылдан бастап су үнемдеу технологияларын ауыл шаруашылығына енгізуде көптеген іс-шаралар жасалынды. Оның бірі осы инфрақұрылымды орнату, ұңғыма қазу тарапынан субсидиялар бөлімі 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Тарифтік өзгерістер енгізілді, оның ішінде су үнемдеу технологияларын пайдаланатын кісілердің субсидиясы 85 пайызға көтеріліп, ал пайдаланбайтын кісілердің субсидиясы төмендетілді десек те болады. Осы көрсеткіштерді біз 2030 жылы 1,3 миллион гектарға жеткіземіз деген жоспарларымыз бар.
Су үнемдеу шаралары осыдан екі жыл қабылданған. Қазірдің өзінде нәтиже жаман емес. Елде суармалы егіс алқабы 1,3 млн гектар болса, оның ішінде 543,5 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілген. Бұл ретте тамшылатып, жаңбырлатып және лазерлік тегістегіш арқылы суару кеңінен қолданылуда. Соңғы аталған технологияны негізінен қызылордалық шаруалар көп пайдаланады.
- Су үнемдеу технологиялары енгізіле береді. Өйткені министрліктің тарапынан көптеген ынталандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Субсидия бөлініп жатыр. Ол осы 2026-2028 жылдары республикалық бюджеттік трансферт есебінен осы 3 жылдыққа (2026,2027, 2028 жылдарға) 214 млрд ақша бөлініп отыр.
Қазақстан – Орталық Азия елдері арасында суды ең үнемді пайдаланатын ел. Бұны халықаралық ұйымдардың зерттеуі көрсеткен. Дегенмен трансшекаралық су ресурстарының тұрақтылығын арттыру, цифрлық шешімдерді енгізу, климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелерін өңірдегі мемлекеттер бірлесе шешуді жолға қойды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Сүлейменов