Қазір су айдындарының жағалауы қоқыстардан тазартылып, шомылатын орындар ретке келтіріліп жатыр. Маусымның 1-нен бастап жедел құтқару жасағының жеке құрамы үш айлық күшейтілген жұмыс тәртібіне көшеді. Мамандардың айтуынша, штаттық кестеге сәйкес 90 қызметкер тұрғындардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар коммуналдық жағажайларда қоғамдық құтқарушылар жасағы жұмыс істейді. Олар арнайы дайындықтан өтіп, құтқарушы сертификатын алады. Айта кетейік, саланың материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып келеді. Өткен жылы аэроқайық сатып алынды. Сүңгуірлердің қорғаныш киімдері де жаңартылған. Бұдан бөлек, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында дрондар қолданылады.
Серік Шериязданов, ТЖД жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары:
- Жергілікті ақтарушы органдардан келіп түскен өтінімге сәйкес мына жағажайлар тексеріліп, тазаланады және де 28 мамырдын бастап осы коммуналдық жағажайларда жұмыс атқаратын қоғамдық құтқарушыларды оқыту басталады. Оларды оқытып, одан кейін сертификаттарын береміз ол кісілерге. Олар осы коммуналдық жағажайларда қызмет атқарады.
Максим Стец, ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушысы:
-Жазғы кезеңде біз күн сайын патрульдеу жұмыстарын жүргіземіз. Қайықтар 1,5-2 сағат сайын дауыс зорайтқыш арқылы ескерту жасап жүреді. Сонымен қатар қазір біздің жабдықта жаңа дрон бар. Оны да тұрақты түрде ұшырып, бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Қауіп-қатердің алдын алу үшін дер кезінде адамдарды хабардар ету біздің басты мақсатымыз.