Көкжайлау шатқалында Almaty Superski тау-шаңғы курортын салу бойынша қоғамдық тыңдау аяқталды. Жаңа курорт Үш ағайынды, Құмбел шыңын да қамтиды. Жиынға ғалымдар, спортышылар және қоғам белсенділері қатысып, Almaty Superski жобасының экономикалық тиімділігі, қоршаған ортаға қауіпсіздігі мен әлеуметтік пайдасын нақты дәлелдермен айтты.
Соңғы жылдары Алматы тауларына баратын адамдар саны күрт көбейді. Әсіресе қыста Шымбұлақ бағытындағы жүктеме бірнеше есе артып, қазіргі инфрақұрылым демалыс күндері келушілер легін толық қамти алмай отыр. Сондықтан тау туризмін дамыту қазір аса өзекті. Бір бағыттағы кептеліс төмендейді, экологияға көп салмақ түспейді, инфрақұрылымға жүктеме тең бөлінеді, адамдарға демалу ыңғайлырақ болады. Almaty Superski жобасын таныстырған «Kazakh Tourism Development LTD» компаниясының бас директоры Ержан Еркінбаев бұл бастама Алматы тауларын қауіпсіз әрі қолжетімді етуге бағытталғанын жеткізді.
Ержан Еркінбаев, Kazakh Tourism Development LTD компаниясының бас директоры:
- Жобаның экономикаға тиімділігі бойынша арнайы есептер жасалды. Одан бөлек, өз отандастарымыз қалаға тиіп тұрған таудың игілігін көріп, қолайлы жағдайда демалуы керек деп есептеймін. Сондықтан Алматы тау кластері Көкжайлау аумағында дамуы қажет. Біздің жасөспірімдер Альпі елдеріндегі сияқты, тау спортын тегін, табиғат аясында, жақсы инфрақұрылымда меңгеруі керек.
Almaty Superski туристік кешені үшін Көкжайлау мен Күмбел аумағының таңдалуы бекер емес. Мамандар климаттық жағдайды, жердің ерекшелігін, қар жамылғысының тұрақтылығын және көлік қатынасын саралап, осы аумаққа тоқтаған. Жоспар бойынша мұнда ұзындығы 60 шақырымнан асатын шаңғы трассалары мен 17 аспалы жол салынады. Курорт аумағы 1022 гектарды қамтиды. Жоба іске қосылса, 5 мыңдай жұмыс орны ашылып, тәуілігіне 15 мың туристке қызмет көрсетуге мүмкіндік болады.
Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
- Ол тек қана мына біздің ішкі туризмге емес, сыртқы туризмді тарту үшін салынып жатқан. Қасымызда мына үлкен екі ірі еліміз бар. Ол Қытай Республикасы және Ресей, сондықтан солардан туристарды тарту үшін. Бұл жерде жаңағы халықаралық талаптарға сай. Осы келешекке заманауи кластер салу бойынша бізде сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қоғамдық тыңдауда ерекше назар аударылған мәселелердің бірі – қолжетімді орта құру. Жоба аясында балаларға, егде жастағы адамдарға және мүгедектігі бар азаматтарға ыңғайланған инфрақұрылым қарастырылып отыр. Тау ішінде жаңа туристік бағыттар, бақылау алаңдары, демалыс аймақтары және визит-орталықтар салу жоспарланған.
Ұлан Іңкәрбеков, Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы:
- Енді мен бұл жобаға кеңесші ретінде атсалысып жатырмын. Енді мен өзім арбада отырғаннан кейін арбадағы мәселелердің бәрін мұқият қараймын. Мына аспалы жол ойлаймын ол бізге қолайлы болады. Өйткені біз, мен қараған кезде вагондарын барлығын мұқият тексеріп, адам, арбада отырған адам кіріп шығуына қауіпсіздік болуына мен қараймын, мән беремін.
Қоғамдық тыңдауда тау қауіпсіздігі мәселесі де кеңінен талқыланды. Соңғы жылдары Алматы тауларында төтенше жағдайлар жиілеген. Жоба аясында цифрлық навигация жүйесін енгізу, арнайы белгіленген бағыттарды көбейту, құтқару қызметтерінің жұмысын күшейту және байланыс инфрақұрылымын жақсарту ұсынылды. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе туристердің қозғалысын бақылауға және шұғыл көмек көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Арманжан Байтасов, кәсіпкер:
- 2013 жылдан бері осы жоба бойынша қоғамдық талқылауға қатысып келемін. Пікірім ешқашан өзгерген емес. Мен елімізде кең жолақты шаңғы трассалары, жаңа қонақүйлер мен мейрамханалардың салынғанын қолдаймын. Алматыға туристер көбірек келсе деймін. Сондай-ақ Алматыда тұрып, еңбек етіп жүрген тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылатынына сенімдімін.
Almaty Superski - экологиялық талаптарға сай жоғары технологиялық жоба. Мұнда ең заманауи технологиялар қолданылатын болады, - дейді мамандар. Ол тау шаңғы курорты ғана емес, Алматының көрнекті символына, қаланың айшықты туристік нысанына айналмақ. Бүгін сондай-ақ Алматы тау кластерін жүзеге асыру бойынша да қоғамдық тыңдаулар өтті. Соның бірі Талғар ауданы Бесқайнар ауылындағы кездесу. Ауыл тау етегінде тұр. Болашақта жаңа жұмыс орындарының ашылғаны ауыл тұрғындары үшін жақсы. Түс ауа тағы бір талқылау Алматыда ұйымдастырылды. Жауапты мамандар мен сарапшылар жиналғандарға тау кластерін көркейтудің тиімді жақтарын түсіндіріп берді.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев