Таразда 10 жыл бұрын салынған үй сапасы сын көтермей тұр

  • 12
  • 27.05.2026, 19:49

Небәрі 10 жыл бұрын халық игілігіне тапсырылған көпқабатты үйдің сапасы сыр берді. «Тараздағы тұрғын үй кешенінің шатырынан су кетіп, қасбеті қирай бастаған. Ал жертөледе құрылыс материалдарының қалдығы әлі жатыр», - дейді наразы тұрғындар. Олар жергілікті биліктен үйді жөндеп беруді сұрап отыр.

Қаланың орталығындағы «Атшабар» тұрғын үй кешені 10 жыл бұрын салынды. Жеті қабатты үй тұрғындарының көбі пәтерін ипотекаға алған. Олар банк алдындағы берешегін әлі бірнеше жыл өтейді. Алайда үйдің сапасы нашарлап барады. Ауызсу мен кәріз жүйесі жиі істен шығады. Жауын-шашын болғанда шатырдан су кетеді.

Баян Әбітбаева, қала тұрғыны:

-Жаңбыр жауып еді қар жауып еді, төбеміз кәдімгі құлап кеткендей болды. Жауын өтіп тұр. Ылғи су боламыз. Қанша рет шақырып өзім жалдап адамдарды істетіп жатырмын крышаны. Сонда да болмайды.

Үйдің қасбетіндегі қаптаманың біразын жел ұшырып әкеткен. Көпқабатты үйдің ауласында балалар ойнайтын дұрыс алаң да жоқ. «Күз бен қыста ауланы су басады», - деп тұрғындар наразы.

Қаракөз Қолақанова, қала тұрғыны:

-Жауын қар болған кезде есік алды көл болады. Бала-шағамен өту мүмкін емес. Машиналар өту мүмкін емес. Мынау ауладағы ағып жатқан суды қай жаққа ағызатынымызды білмейміз. Мысалы үшін канализация жоқ. Канал жоқ ары қарай ағызып жіберетін.

Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы үйді жаңғыртуға 134 миллион теңге қажет дейді. Жобалық құжатын жасап, республикалық бюджетке өтінім берген. Алайда қаладағы өткен ғасырда салынған ескі үйлер бірінші кезекте жөнделуі тиіс екен. Ондай 73 көпқабатты үй бар.

Сұлтанмахмұд Өтешов, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

-30 жылдан асып кеткен 50 жыл 70 жылдан асып кеткен үйлер бұлар. 80-90 пайызы тозған үйлер. Бірінші кезек осы үйлер. Атшабар 17/1 үйді 2027 жылға жоспарланды. Ол үшін біз 58 үйге жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып жоба сметалық құжаттарды 6,5 млрд теңгеге жасап қойдық.

Жалпы қалада тозығы жеткен 538 көпқабатты үй бар. Жергілікті билік оларды кезең-кезеңімен, жаңғыртуды жоспарлап отыр. «Бастысы уақытында қаржы бөлінсе», - дейді жауаптылар.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә