Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қосымша табыс көздері берілетін болады. Атап айтқанда, енді ауылға пайдалы қазбаларды өндіру және мүлік салығының бір бөлігі қалдырылады. Бұдан өзге, тағы бірқатар түсім елді мекен қажеттілігіне бағытталмақ.
Асқар Пірманов құрамында 4 елді мекені бар Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі. Жергілікті дербес бюджеттің кірісі жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтады. Бұған шаруа қожалықтар мен кәсіпкерлер және тұрғындардың қосып отырған үлесі мол дейді. Соның арқасында былтыр көгалдандыру, балалар ойын алаңы, жарықтандыру мәселесіне қомақты қаржы жұмсалған. Биыл да атқаратын жұмыс аз емес.
Асқар Пірманов, Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі:
-Бұл бюджет – төртінші деңгейді бюджет. Негізгі түскен кірістерді ауылдық округтегі өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік беріп отыр. Яғни ауыл азаматтарымен, ауылда құрылған қоғамдастықтармен бірлесе отырып, ауылдағы қажетті, маңызды заттарды бірінші кезекте осы кісілермен ақылдаса отырып шешіліп жатыр. Одан кейін біз оны экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне өтінім беру арқылы, қаражатты мәслихатпен бекіткізіп, тиісті жұмыстарға жұмсай бастаймыз.
Ауыл-аймақтың қаржылық дербестігі күшейе береді. Бұл туралы Президент бұған өткен мәслихат депутаттарының республикалық форумында айтып, Үкіметке тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 мрлд теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі елді мекендердің өз табысы. Оның үстіне еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті. Бұл жақсы көрсеткіш. Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады.
Елімізде өз бюджеті бар аудандық маңыздағы 2338 қала, кент және ауылдық округ бар. Былтыр олардың қазынасы шамамен 442 млрд теңге болды. Қаржы көлік, жер, жеке табыс салықтары мен айыппұлдардан түседі. Сосын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары, ойын алаңдарын салу, жол жөндеу секілді істерге жұмсалады. Енді Президент тапсырмасына сәйкес, округтердің дербес бюджеті ұлғайтылады.
Мақсұт Құрықбаев, ҚР ҰЭМ департаменті директорының орынбасары:
-Жаңа бюджеттік кодекс енгізілгеннен бері ауыл бюджетіне пайдалы қазбаларды өндіруден түсетін түсімдер ауыл бюджетіне берілді 2026 бастап. Одан бөлек қазіргі таңда Мәжіліс қабырғасында бізде заң қарастырылып жатыр. Сол заңның аясында ауыл бюджетіне мүлік салығын беру қарастырылып жатыр. Ол жеке кәсіпкерлер мен заң тұлғаларынан түсетін мүлік салығының бір бөлігі. Екінші жаңа экологиялық айыппұлдар мынау мұнай саласына түсетін қоспағанда бөлек экологиялық айыппұлдар ауыл бюджетіне беру жоспарланып отыр. Одан бөлек бізде лицензиялық алымдар да ауыл бюджетіне беру қарастырылып отыр.
Елімізде дербес ауыл қазынасын қалыптастыру 2018 жылы басталды. Бүгінде әр округтің орташа бюджеті 190 млн теңге. Ал биылдан бастап ауыл бюджеті қосымша кіріс көздері есебінен 2,5 есе артпақ.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Оспанов