Пара ұсынғандар қылмыстық жауапқа тартылады

  • 8
  • 28.05.2026, 19:33

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама күшейтілмек. Сенатта қаралған жаңа түзетулердің басты бағытының бірі — мемлекеттік қызметте туыстық байланыстарға шектеу қою. Енді жақын туыстардың бір мекемеде бір-біріне тікелей ықпал ететін қызметтер атқаруына жол берілмейді. Бұл шешім мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен әділдікті күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ пара ұсыну, пара беруге уәде ету және пара талап ету әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Яғни заңсыз сыйақы нақты берілмесе де, оны ұсынудың өзі қылмыс ретінде қаралады.

Депутаттардың айтуынша, бұл өзгерістер халықаралық антикоррупциялық стандарттарға толық сәйкес келеді. 

Салауат Мүксімов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

- Қазіргі қолданыстағы заңнамада осындай шектеулер тек тікелей бағынысты болса ғана олар қатарласып, қызмет жасауға шектеу болған. Бірақ, біз ол жеткіліксіз екеніне көзіміз жетіп отыр. Ендігі кезекте билік жүргізетін саласында бірде-бір туысы болмауы керек. Ол басшылық лауазымда болады ма, басқа деңгейдегі қызмет болады ма оған шектеу қойылады.

Педагог мәртебесі артады

Сондай-ақ Сенатта педагог мәртебесін нақты қорғауға бағытталған жаңа заң мақұлданды. Құжаттың басты мақсаты – мұғалімді артық жүктемеден босатып, кәсіби еркіндігін қамтамасыз ету. Ұсынылған нормаларға сәйкес, енді педагогтер білім алушылар алдында тек оқу процесі аясында жауапты болады. Бұл мұғалімдерді өз міндетіне кірмейтін жұмыстардан қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ата-аналардың баланың өмірі мен қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігі кеңейтілмек. Осылайша, білім мен тәрбие беру ісі мектеп, ата-ана және мемлекетке ортақ міндет екені тағы бір мәрте нақтыланды. Сонымен қатар заң аясында қағаз және электронды есепті қатар тапсыру сияқты «цифрлық бюрократияға» тыйым салынады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Нақты айтқанда, заңдар педагогтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қосымша қорғалуын қамтамасыз етуді көздейді. Білім саласында еліміздің аумағында тіркелген шетелдік оқу орындарының қызметін жетілдіруге арналған нормалар айқындалды. Денсаулық сақтау жүйесінде интернатура арқылы кадр даярлау нысанының ерекшеліктері мен шарттары белгіленді. Жалпы заңдарды қабылдау, педагогтардың мәртебесін күшейтеуге және жекелеген салалардағы мемлекеттік реттеуді арттыруға оң себебін тигізеді деп сенеміз.