ШҚО-да жол салатын мердігер компанияларға талап күшейді

  • 5
  • 28.05.2026, 19:46

Құрылысты уақытында аяқтамаған мекемелер қара тізімге енгізіліп жатыр. Себебі жауапсыздықтың кесірінен өңірдегі маңызды тасжолдардың жөндеу жұмысы ұзаққа созылған. Күніне мыңдаған көлік қатынайтын бағыттардың сапасы тұрғындардың наразылығын туғызуда. Мәселен, былтыр Өскемен – Шемонаиха бағытындағы 15 шақырым жол учаскесінің құрылысы толық аяқталмай қалған. Соған байланысты тапсырыс беруші мекеме мердігер компаниямен келісімшартты бұзды. Енді бұл жобаны биыл басқа компания жалғастырып, аяқтауы тиіс.

Өскемен Шемонаиха бағытындағы тасжолда көлік нөпірі көп. Өйткені бұл аудан мен облыс орталығын ғана емес, Ресей Федерациясын байланыстыратын трансшекаралық инфрақұрылым. Мамандардың мәліметінше, күніне ары-бері 3 мыңнан аса көлік өтеді. Алайда автожолдың сапасы жолаушыларды әбден мезі етті. Әйгерім Шалқымбаева қызмет бабына орай Усть-Таловка ауылынан Жаңа Убинка ауылына күнде қатынайды. «Көлігімді апта сайын жөндеуге тура келеді», - дейді ол.

Әйгерім Шалғымбаева, ауыл тұрғыны:

- Жол өте нашар. Жаңа Убинка ауылына күнде барып келуіме тура келеді. Көліктің біресе ана жері,біресе мына жері сынады,қазір де міне, жол бойы бір бөлшегі тарсылдап келе жатыр. Қанша ақырын жүрсем де шұңқырларды айналып өту мүмкін емес. 

Бұл күрежолды орташа жөндеу былтыр басталған еді. «ҚазАвтоЖол» мекемесі жалпы 120 шақырым жолдың 93 шақырымын жөндеп аяқтауды межелеген болатын. Қалғаны осы жазға жоспарланды. Алайда жауапты мердігер компанияның шаруасы алға баспады. Жіберілген ақаулар да көп тіркелді. Бұл аз болғандай, 15 шақырым жол бөлігіне мүлдем асфальт төселмей қалды. Осылайша тапсырыс берушілер мердігер мекемемен келісімді бұзуға мәжбүр болған. Енді жұмысты аяқтау басқа компанияға жүктелді. 

Алмас Қасенов, «ҚазАвтоЖол» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары:

- Осы мамыр айында мердігерлер анықталып, жұмыс маусым айының соңына дейін толық аяқталып, Өскемен РФ шекарасына дейінгі жол орташа жөндеуден өтіп толық аяқталады.

Ал биылға жоспарланған жол құрылысына талап күшейді. 27 шақырым автожолды жөндеп жатқан мамандар межеге үлгереміз деген сенімде.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Салынған жолдың тез бүлінуіне жерасты суы да әсер етеді. Сондықтан жолшылар ондай учаскелерді 1-2 метр тереңдікке дейін қазып, үлкен тастармен бекітіп барып, негізгі қабатарға көшеді.Әйтпегенде су көтеріліп кетсе, асфальтты тез тоздыруы мүмкін.

Мирас Әлімғазин, құрылыс учаскесінің басшысы:

-Ресайлкинг бойынша күніне 350-400 метр күнделікті жүріп жатыр, кестеге сай су құбырлары,айналма жол салынып жатыр, тағы да 54-58 км учаскеде күніне 500-600 куб метр пучина қазылып, солар жабылып жатыр. Сала өкілдері Өскемен-Шемонайха-Ресей  шекарасына дейінгі жолды биыл күзде тұтас аяқтауды көздеп отыр. Айтпақшы, былтыр облыста өз міндетін дұрыс атқармаған екі ірі компания басшылығы жауапкершілікке тартылды. Олар бюджетке жалпы 2 миллиард теңге қаражатты қайтарады.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов