Павлодар облысындағы 5 шекара бекеті жаңғыртылады

  • 0
  • 29.05.2026, 19:31

Қазақстанда мемлекеттік шекара бойындағы автомобиль өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жалпы Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі шекарасында орналасқан 37 өткізу бекетін жаңарту жоспарланған. Соның бесеуі Павлодар облысында.

Қазір еліміз бойынша 14 өткізу бекетінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, Ресеймен шекарадағы «Қосақ» пунктінде тексеру аймақтары салынып, цифрлық жүйе енгізіледі. «Жаңғыртылған бекеттің өткізу қабілеті артады»,- дейді мамандар.

Алексей Логвиненко  «Қазавтожол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Жаңғырту жұмыстарынан кейін өткізу бекетінің өткізу мүмкіндігін үш есеге арттыру жоспарланған. Қазіргі таңда бекет тәулігіне 1000 адам мен 300-ге дейін автокөлік өткізе алады. Ал реконструкция мен жаңғырту аяқталған соң бұл көрсеткіш тәулігіне 3 мың адам мен 1000 автокөлікке дейін өседі.

«Қосақ» өткізу бекетінің құрылысына республикалық бюджеттен 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

Алексей Охременко, мердігер компания өкілі:

- Құрылыс алаңында жүзден астам жұмысшы еңбек етіп жатыр. Инженерлік желілерді тарту және құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар монолитті жұмыстар аясында тексеру алаңдары, әкімшілік-тұрмыстық кешен, инспекциялық-тексеру кешені және тереңдетілген тексеру аңғары салынып жатыр.

Облыстағы 5 өткізу бекетінің барлығы жаңғыртудан өтеді. Бұл шекарадағы кезекті азайтып, кедендік тексеруден өтуді жылдамдатады. «Сонымен қатар өңірдің транзиттік әлеуетін нығайтады»,- дейді мамандар.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков