Шымкент Ресейге экспортты ұлғайтып жатыр

  • 0
  • 29.05.2026, 19:32

Шымкент пен Ресей арасында сауда-саттық байланыс нығайып келеді. Тек былтырдың өзінде тауар айналымы 224 миллиард теңгеден асты. Оңтүстіктегі мегаполис көрші елге тоқыма, керамика және пластмасса бұйымдарын экспорттайды, ал Ресейден металл, азық-түлік пен өнеркәсіптік шикізат сатып алады. Экономистер Ресейді оңтүстік облыстардың негізгі сауда серіктестерінің бірі деп бағалап отыр.

Ресей - Шымкенттің ең ірі сыртқы сауда серіктестерінің бірі. Экспортқа, негізінен, тоқыма және қайта өңдеу өнімдері, сондай-ақ пластмасса мен керамикалық бұйымдар, машина жасау өнімдері жөнелтіледі. Сыртқы сауда статистикасының деректері бойынша, өткен жылы Шымкент пен Ресей арасындағы тауар айналымы 224 миллиард теңгеден асқан. Бұл тек шикізат немесе дайын өнім алмасу ғана емес. Бүгінде екі елдің кәсіпкерлері бірлесіп көптеген тың жобаларды қолға алған. Соның бірі – медицина, ауыл шаруашылығы мен құрылыста кеңінен қолданылатын мата типті материал шығаратын кәсіпорын. Жобаға шамамен 5 миллиард теңге инвестиция салынды.  

Алексей Бунин, кәсіпорын құрылтайшысы:

-Жобаны қазақ әріптестеріммен бірге бастадық. Біз олармен он үш жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Кәсіпорын өнімдерінің негізгі бөлігі агробағытты нарыққа шығатын болғандықтан Шымкентті таңдадық. Өңір экономикалық жағынан өте тиімді. Себебі мұнда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған және Өзбекстан нарығына шығу жолы да жеңіл.

Сарапшылардың пікірінше, әлемдік логистиканың өзгеруі мен сауда бағыттарын қайта құру Шымкент үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Соңғы жылдары Оңтүстік мегаполис біртіндеп өндірістік және транзиттік торапқа айналып келеді. Сондықтан, индустриялды аймақтарды, өңдеу мен экспортқа негізделген кәсіпорындарды дамытуға басымдық берілген.

Ермек Тұрманов, қалалық кәсіпкерлік және ИИД басқармасы басшысының орынбасары:

-Бізде Шымкенттің Ресеймен сыртқы тауар айналымы өте жақсы. Себебі, бізде Шымкент логистикалық ыңғайлы орналасқан. Жалғыз Ресей емес, басқа да мемлекеттерге тез шығуға мүмкіндік береді. Яғни бізде шыққан тауар мысалы 3 күннің ішінде Ресей мемлекетіне жеткізіледі.

Қазір Шымкентте ресейлік компаниялармен бірлескен жаңа өндірістер іске қосылуда. Бұл ретте металлургия және құрылыс индустриясы саласындағы жобаларды ерекше атап өтуге болады. Бұл жағдай жаңа жұмыс орындарын құрып, өңірдің экспорттық әлеуетін нығайтуға мол мүмкіндік береді.

Елдос Кәкенов, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов