Мал дәрігерлерінің жалақысы өседі

  • 0
  • 29.05.2026, 19:36

Үкімет ветеринария саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын бекітті. Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жаңа құжатқа сәйкес аса қауіпті ауруларға қарсы күрес, ветеринария мамандарының еңбек ақысын көтеру, мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, экспорт әлеуетін арттыру және ішкі нарықты қорғауға басымдық беріліп отыр. Елімізде 21 зауыт ветеринариялық препарат өндіреді. Техникалық талаптарға сай келмейтін өнімдердің ішкі нарыққа енуіне жол бермеу үшін шекара маңында 67 бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар деректерді жинау және тексеру процестері цифрлық жүйеге көшірілді. Кешенді жоспар аясында Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық ұйымдарының материалдық-техникалық базасын 80 пайызға дейін жаңарту жоспарланып отыр.