Қазақстанда мемлекеттік алимент қоры құрылуы мүмкін

  • 2
  • 29.05.2026, 19:45

Егер бала айлар бойы тиісті төлемді ала алмаса, онда оған қаражатты уақытша қор төлейді. Бүгінде 300 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала алимент төлемін күтіп отыр. Олардың кейбірі ерекше қажеттілігі бар бала. Жалпы қарыз көлемі 18 миллиард теңгеге жетіпті. Бұл туралы бүгін Мәжілісте жаңа Конституция жобасындағы отбасы, ана мен баланы қорғау мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстелде айтылды. Әділет министрлігінің дерегінше, былтыр 4 824 борышкер әкімшілік, 380-і қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жекелеген борышкерлер қаржылай мүмкіндіктері болса да, балаларына көмек беруден жалтарады. Табысын жасыратындар да жиі кездеседі. Енді сот орындаушылар жұмыс іздеуге арналған интернет платформалар мен мобильді қосымшалардан жалақы бойынша мәліметті сұратуға құқылы. 

Рауан Қалиев, заңгер:

- Мысалы, бүгінгі таңда enbek.kz деген бар. Оны жарайды, мемлекет көре алады. Одан басқа түрлі платформалар бар. Немесе бүгінгі таңда интернет сауда жасайтын платформалар бар. Ол азаматтар сол жерде сауда жасауы мүмкін. Сол жерде белгілі бір кәсіптің басын бастап отыруы мүмкін. Осындай барлық ақпараттар мемлекеттік органға берілуі тиіс. Бұл дұрыс механизм деп санаймын. Өйткені төлемей жатқан қаражатты азаматтарға төлеуге мәжбүрлейді.