Елімізде балалардың құқықтарын қорғау басым бағыттардың бірі болып қала береді. Оларға жағдай жасау жаңа Конституциямызда да бекітілген. Бұл бағыттағы басты құжат – Президент тапсырмасына сәйкес қабылданып, Үкімет бекіткен «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы.
Бағдарлама 158 іс-шараны қамтиды, ал оны жүзеге асыруға жалпы көлемі 1,3 триллион теңге қарастырылған. Тұжырымдама аясында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік сияқты негізгі бағыттар бойынша жұмыстар жүреді. Бүгінде елімізде 6,9 миллионнан астам бала бар.
Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
- Қазіргі таңда балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған 10 заң қабылданды. Балаларға қатысты қылмыстар үшін жаза күшейтілді. Зорлық-зомбылықтарға нөлдік төзімділік қағидаты енгізіліп, қауіпсіздік инфрақұрылымдары қалыптастырылды.
Үш ауысымды мектептерді жою, қала мен ауылдағы білім беру ұйымдары арасындағы алшақтықты азайту жұмыстары жалғасады. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы да іске асуда. Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың жыл сайынғы табысының 50%-ы балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына 18 жасқа толғанға дейін аударылады.