Қостанай облысына Пржевальский жылқысының кезекті партиясы жеткізілді

  • 5
  • 01.06.2026, 19:44

Қазақстан мен Чехия арасындағы келісім аясында Пржевальский жылқысының кезекті партиясы Қостанай облысына жеткізілді. Ол жерден төрт кертағы бірден арнайы көлікпен Амангелді ауданындағы «Алтын дала» табиғи резерватына жөнелтілді. Халықаралық келісімге сәйкес, жалпы саны 40 Пржевалский жылқысы осы өңірде жерсіндірілетін болады. Ал Торғай даласы жабайы табиғатта сирек кездесетін жануардың ежелгі мекені саналады. 

Ленка Полиакова, Прага хайуанаттар бағының директоры:

- Прага хайуанаттар бағы осы жануар түрін сақтап, оны тарихи мекені Қазақстанда жерсіндіруге барынша атсалысып келеді. Біз Пржевальский жылқысының 4 аталығын әкелдік. Бұл табиғи ортада тіршілік ететін жабайы жылқылар тобын қалыптастыру үшін маңызды. Алдағы жұма күні 4 бие жеткізіледі. Айта кетелік, кертағынының ұрғашысына қарағанда еркегін тасымалдау көп қиындық тудырады. 

Данияр Тұрғамбаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:

- Алдында әкелінген жылқылармен қоса есептегенде, қазіргі уақытта елімізде 18 жылқы болды. 5-ші маусым күні бағдарлама аясында тағы 4 жылқы әкелу жоспарланып отыр. 29-шы жылға дейін бағдарлама аяқталғанша 40 бас жылқы әкелу жоспарлануда. Алдыңғы әкелінген жылқылар екі жылда біздің табиғатымызға бейімделді, қазіргі уақытта жағдайлары жақсы.