Шымкентте жүзден астам заңсыз құрылыс нысаны анықталды. Олардың кейбірі сот шешімімен бұзылуы мүмкін. Құрылыс нормалары мен заңнама талаптары сақталмаған ғимараттардың көбі Абай ауданының аумағында орналасқан. Тексеру барысында бұл нысандар негізінен дүкен, қонақүй, дәмхана және техникалық қызмет көрсету орталығы сияқты коммерциялық мақсатта салынғаны белгілі болған. Қазіргі уақытта 72 нысанның иесіне айыппұл салынып, құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы нұсқау берілді. Сондай-ақ заңбұзушылықтарды жоюға міндеттелді. Жалпы ауқымды тексеріс жұмыстарының нәтижесінде жергілікті бюджетке 147 миллион теңгеден астам қаржы өндірілген.
Досхан Садықов, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы:
- Объектілердің ішіндегі мүлдем сәулет жоспарлау тапсырмасын алмай, жерге тиісті рұқсат құжаты болмаған жағдайда объект сот тәртібімен бұзуға жолданады. Он шақты нысан тиісті жерге құжаты жоқ. Бұл жұмыстар басқарма тарапынан тұрақты түрде жүргізіледі.