Бүгінгі балалар күні барлық өңірде аталып өтті. Тек Астананың өзінде саябақтар мен қоғамдық орындарда ән-күй шырқалып, түрлі байқаулар, жарыстар ұйымдастырылды. Балалар үшін ауқымды бағдарлама әзірленген.
Ойын арқылы ғажайыптар әлеміне еріткен бағдарлама астаналық өрендерді тәнті етті. Әдетте циркте ғана өнер көрсететін сайқымазақтар тобы «Бәйтерек» кешенінен, «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығына дейін жүріп өтті. Олардың күлкілі қылығына қызыққан балалар еріксіз еріп отырды.
Фестивальге қазақстандық ұжымдардан өзге, Дания, Италия, Франция, Аргентина және Ресейден арнайы келген мамандар қатысты. Әрқайсысының ұсынар өнері әртүрлі. Ең бастысы, кішкентай көрермендерін бірден баурап алды.
Сергей Гарун, шоумен:
- Мен Алматыдан келдім. Астаналықтардың көңіл күйі өте жоғары, өнерімізге қызығушылығы басым екені бірден байқалады. Балалар да риза. Барлығы қасыма келіп, суретке түсіп жатыр. Мұндай мерекенің жиі болғаны жақсы деп ойлаймын.
Сауалнама:
- Бүгінгі күн балаларды қорғау күні болғандықтан, әрине, бізге отбасы бірінші орында тұрады, маңызды. Сол үшін бұл мереке бізге өте ерекше болады. Балаларды алып шықтық осы жерге.
- 1-маусым балалар күні құтты болсын! Барлық бала-шағаларға амандық, елімізге аман, жұртымызға тыныштық тілеймін.
- Балалардың болашағы нұрлы болсын, біздің балалардың ертеңі жарқын, нұрлы жетістіктерге толы болсын.
Елордада мерекелік шаралар бірнеше күнге созылады. Оның аясында шығармашылық кештер, көрмелер, отбасылық байқаулар өткізу жоспарланып отыр.
Әнуарбек мырзатайұлы, Руслан Тәуірше