Ақтөбе облысы, Шалқар қаласында физика-информатика пәнінің мұғалімі Сәндігүл Әленова садақ ату өнерін меңгеріп, шәкірт тәрбиелеп жүр. Бұл спорттың пайдасы зор. Көру қабілетін жақсартады, бұлшықетті нығайтып, денені тік ұстауға көмектеседі. «Тіпті жүйкені тыныштандырып, табандылыққа тәрбиелейді», - дейді ол. Өзі түрлі сайыстарға қатысып, жастарды осы спортқа баулып жүр. Дәстүрлі садақ ату спортының федерациясын құрған.
Сәндігүл Әленова алты жылдан бері садақ атумен шұғылданады. Пандемия кезінде үйде бос отырмай, бала күнгі арманын жүзеге асыра бастаған. Кәсіби спортшылардың нұсқаулығымен танысып, интернетті ақтарып, садақ атудың қыр-сырын үйрендім дейді. Кейін елімізде және шетелде өткен сайыстарда бақ сынап, жүлдегер атанды. Қазір ұлттық спортты дәріптеп жүр.
Сәндігүл Әленова, №8 мектептің мұғалімі:
-Әр мейрамда, әр жарыста қай жерге шақырады, қай мекеме шақырады. Менің мақсатым – дәстүрлі садақ атуды насихаттап қолдарына бір рет садақты ұстатып оқты тигізіп көру. Ол садақты ұстап, оқты атып, нысанаға тигізгеннен кейінгі адамдардың әсері оларды әрі қарай жетелейді.
Өзі еңбек ететін мектепте үйірме ашып, шәкірт тәрбиелеп отыр. 30-ға жуық оқушы садақ тартып, нысана көздейді. Ат жалын тартып мінген шабандоздарға жамбы атуды үйретеді. Ұлттық спорт үйірмелері әр мектепте болғаны абзал дейді.
Еркеназ Данабекова, оқушы:
-Басқа мектептерде волейбол, футбол, баскетбол, ол барлық мектептерде бар ғой. Ал бізде садақ үйірмесі бар. Және де садақ ату тегін емес, ақылы екенін білеміз ғой. Ал бізде тегін, балаларға қолжетімді. Садақ атқан кезде өзіңізді бөлек ұстайсыз. Бүкіл ішіңіздегі қорқыныш, уайым-қайғы, барлығын жоқ қылып сабырға келіп содан кейін ату керек.
Сәндігүл Әленова Біріккен Ұлттар Ұйымына тиесілі бағдарламаның әлеуметтік байқауында жеңіске жетіп, грант иеленді. Жобаның талабына сай ақша жастарды спортқа баулуға жұмсалуы тиіс. Сондықтан садақ атуға қажетті құрал-жабдық сатып алды.
Айнұр Жиеналина, №8 мектеп директорының орынбасары:
-Мектебімізде салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар, ұлттық ойындар, ұлттық аспаптар кеңінен жарнамаланады. Бұл баланың бойында жалпы құндылыққа бағыттау, баланы өзіміздің құндылығымызды ерекше құрмет ету және ұмыт қалған салт-дәстүрімізді насихаттау.
Физика мен информатика пәнінен сабақ беретін мұғалім бос уақытын шәкірттеріне арнайды. Қазір дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасындағы ел біріншігіне дайындыққа кіріскен.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев