Тараздық сарбаздар әскерде жүріп оқу грантын ұтып алды

  • 9
  • 02.06.2026, 19:47

Тараздық сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеп жүріп оқу грантын ұтып алды. Енді олар ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына қатыспай-ақ, грант ұсынған оқу ордасына екі жыл ішінде бара алады. Жалпы жауынгерлерге еліміздің 70-тен аса университеті тегін оқу грантын ұсынып отыр. Ал оны қалай алуға болады?

Былтыр 5513 әскери бөліміне еліміздің тоғыз өңірінен 300 адам шақырылды. Солардың арасынан 9 ғана сарбаз университет грантын ұтып алды. Мұндай мүмкіндік жыл бойы тәртібі жақсы, оқуда озат, жауынгерлік дайындығы үздік болғандарға беріледі. Мемлекеттік грантты ұтқандар шәкіртақы алады. Оған қоса, студенттер жатақханасына орналасуға мүмкіндік қарастырылған. Жалпы еліміз бойынша мыннан астам сарбаз білім грантының жеңімпазы атанып отыр. Солардың бірі – Қасым Заманбай. Түркістан облысының тумасы әскерге келмес бұрын медицианалық колледжді бітірген. Енді Шымкентегі университетте жоғары білім алмақ.

Қасым Заманбай, сарбаз:

-Әскерде жүріп ҰБТ тапсыру мүмкіндігін берді. Және де сол мүмкіндікті пайдаланып Шымкент қаласындағы Мұқтар Әуезов атындағы университетке ЖОО грантқа түстім. Келісімшарт бойынша әскери қызметші болып қалып кетуге және де одан бөлек қайтадан тапсырып түсіп кетсең де жақсы мүмкіндіктер ғой.

Сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу шарасында 60-тан астам жауынгер арнайы марапат алды. 20 сарбаз Ұлттық ұлан басшылығы мен өңірлік қолбасшылықтың құрмет грамоталарына ие болды. Сонымен қатар әскери бөлім басшылығы 40 үздік жауынгердің ата-анасына «Отан қорғаушының анасы» медалін табыстады. Сарбаздар арасында әскерге келіп, осы саланы болашақ мамандығы ретінде таңдаған жастар да бар.

Назбек Мәліков, 5513 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

-Бір жыл көлемінде әрбір сарбазға 6 айдан кейін келісімшар бойынша әскери қызметке қалуға мүмкіншіліктері бар. Әскерге келгеннен кейін әскери саланы көріп, көздері жетіп, ол қызметтің бабы оларға ұнағаннан кейін 25 шақырым сарбаздар арасында 30-дан астам сарбаз келісімшарт бойынша әскери қызметші ретінде тек қана осы Тараз қаласында емес, басқа өздерінің туған өлкедерінде қызмет атқаруға мүмкіндік алып отыр.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары жастардың әскери қызметке қызығушылығы артып келеді. Бұған әскери қызметшілерге жасалып жатқан әлеуметтік қолдау мен ұсынылып отырған мүмкіндіктер әсер еткен.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә