479 мың адам қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеп жүр

  • 5
  • 02.06.2026, 19:51

Елде 479 мың адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеп жүр. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Өңірлер бөлінісінде ең көбі Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Қазір оларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға басымдық берілуде. Бүгінге дейін 118 мың кәсіпорын қамтылыпты. Еңбек заңнамасын бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық бақылау бойынша 170 тексеру жүргізілген. Сонымен қатар мемлекеттік еңбек инспекциясы 2 мыңнан астам жоспардан тыс тексеру өткізіпті. Нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзудың 2800 фактісі анықталған.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Мемлекет басшысы еңбекті қорғау саласын толық цифрландыру және өндірістегі оқыс оқиғалардың алдын алуды қамтамасыз ету міндетін қойды. Кәсіптік тәуекелдерді азайтуға, өндірістік қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға және цифрлық шешімдерді енгізуге баса назар аударылуға тиіс.

Үкімет басшысы жиында қоғамдық тамақтану орындарында газ баллондарының сақталуы мен пайдаланылуына бақылауды күшейтуді тапсырды. Әкімдіктер, төтенше жағдайлар министрлігі және Бас прокуратура Тұрғын үйлерге жапсарлас салынған немесе солардың ішінде орналасқан қызмет көрсету ұйымдарына айрықша назар аударуы қажет. Келесі өзекті мәселе өндірістік жарақаттануды жасыруға қатысты. Соңғы 6 айда елде осындай 39 дерек анықталған. Ең көбі Атырау облысында 10 жағдай тіркелді, Астана қаласында 7, Ақмола облысында 6 жағдай орын алыпты. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше жыл басынан бері 570 кәсіпорында тексеру жүргізілген.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

-Өткен жылмен салыстырғанда ағымдағы жылдың 5 айында кәсіпорындарға жүргізілген тексерулер саны 2,5 есеге артып нәтижесінде 10 мыңнан астам өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзушылығы анықталды.  Әртүрлі санаттағы 523 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы мөлшері 6-дан 62 млн теңге дейін ұлғайды. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтар анықталған 600-ден астам объект пен техникалық құрылғының жұмысы тоқтатылды.