Елде 2040 жылға қарай су тапшылығы күрт өсуі мүмкін

  • 5
  • 02.06.2026, 19:44

Елімізде 2040 жылға қарай су тапшылығы күрт өсуі мүмкін. Қазірдің өзінде жылына шамамен 1 текше шақырым тіршілік нәрінің жетіспеушілігі байқалады. Мамандардың айтуынша, таза су ресурстарын тиімсіз пайдаланып отырмыз. Негізгі мәселе осы. Бұл түйіткіл дер кезінде қолға алынбаса, су тапшылығы алдағы 15 жылда 12 текше шақырымға дейін жетеді деген болжам бар.

Қазір бізге су сарқылмайтын ресурс болып көрінеді. Алайда қарапайым есепке салсақ, ойымыз түбегейлі өзгеруі мүмкін. Мәселен, орта есеппен алматылық бір отбасы айына 10 текше метр тұщы суды тұтынады. Бұл бір адам жылына 30 тонна суды пайдаланады деген сөз. Халық саны өсіп келеді. Сондықтан мамандар тіршілік нәрін үнемдеу мәдениетін қазірден қалыптастыру қажет деп отыр.

Елдегі су ресурсының 45 процентке жуығы трансшекаралық өзендер есебімен толығады. Қалғаны республика аумағында табиғи жолмен қалыптасады. Бүгінде тіршілік нәрін тұтынушыға жеткізу мәселесінде түйіткілдер бар. Су қоймалары мен өзендерден алынған судың 42 пайызы ғана діттеген жеріне жетеді. Қалған бөлігі әртүрлі кедергі салдарынан жоғалады.

Тұрсын Ыбраев, география және су қауіпсіздігі институтының ғылыми қызметкері:

-Суды үнемдеу үшін оны тасымалдау барысындағы шығынды азайту қажет. Яғни каналдар мен су қоймаларындағы жағдайды бақылау маңызды. Судың жерге сіңіп кетуінен, булануынан қорғайтын арнайы жабдықтарды қолдану керек. Сонымен қатар егіс алқаптарында су үнемдеу технологияларын енгізу қажет. Оның ішіне тамшылап суару әдісі кіреді. Сол арқылы суды бірнеше есе үнемдеуге болады.

Алматыда тәулігіне 800 мың текше метр тұщы су беріледі. Мегаполистегі тіршілік нәрінің көп бөлігі жер үсті суларынан алынады. Мамандардың айтуынша, су көлемінің 85 процентке жуығын жекеменшік үйлер мен пәтерлер пайдаланады. Өз кезегінде заңды тұлғалар таза суға 2-3 есе жоғары тарифпен төлем жасайды. Бұл суды үнемдеуге итермелейтін себептің бірі десе де болады. 

Серік Шағыров, «Алматы СУ» МКК департамент директоры:

- Өндіріс немесе суды көп пайдаланатын мекемелерде арнайы қайта суды пайдаланатын жабдықтарды орнату, оның басты мақсаты – осы біздің еліміздегі таза су қорын сақтап қалу. Соңғы бес айдың ішінде мына автокөлік жуатын орындар жаңадан қырық осындай суды үнемдейтін, қайта пайдаланатын құрылғыларды да орнатты.

Қазақстан жер асты суына бай ел. Бірақ біз оның 4 пайызға жуығын ғана пайдаланамыз. Себебі алуда қиындықтар бар. Мұндай тұщы суды қолдану үшін терең ұңғымалар қазу қажет. Тереңнен жоғарыға тартуға қуатты су сорғы қолданылады. Ал мұндай жұмыстарға көп электр энергиясы жұмсалады. Соның салдарынан тіршілік нәрінің де бағасы қымбаттайды.

Ерғали Әуелхан, геология және мұнай-газ ісі институтының директоры:

- Біздің қазір, болашақта дабыл қағып отырғанымыз су тапшылығы болуы мүмкін. Ол Орталық Азияда деп айтып отырмыз. Себебі бізде бұл тек қана жер асты су қорларына байланысты емес, бұл жер бетіндегі үлкен өзендерге де байланысты болып отыр. Себебі бізге келетін барлық үлкен өзендер көршілес мемлекеттерден келеді.

Тұщы суды үнемдеу көп күшті талап етпейді. Су жетіспеушілігі бүгін байқалмағанымен, алдағы уақытта мәселе күрделенуі мүмкін. Әрбір тамшыны үнемдеуді бүгіннен бастаған жөн. Сонда ғана болашаққа таза су қорын қалдырамыз, Сала мамандары осылай дейді. 

Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев