Шығыс Қазақстан облысында Ертіс өзені арқылы тасымалданатын жүк көлемі 2 жылда 2,5 млн тоннаға артады. Қазір жылына 1 млн тоннадан астам тауар тасымалданып жүр. Көршілес Ресей елінің өкілдері мен облыс мамандары туристік және жүк кемесі қатынасын дамыту мәселесін бірлесе талқылады. Жергілікті билік пен бизнес өкілдері жолаушылар теплоходы мен жүк баржасын көбейту мүмкіндігін қарастырды. Осы орайда Ресей тарабы Қазақстанға жаңа кемелер жеткізуге дайын. Сондай-ақ жиында порт инфрақұрылымын кеңейту жоспары сөз болды.
Шәкәрім Бұқтығұтов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Көлік-транзиттік әлеует өте маңызды. Қазір Солтүстік–Оңтүстік бағыты мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы қатар дамып жатыр. Соның бір бағыты – кеме қатынасы. Қазақстан, Ресей және Қытай арасында жүк тасымалын дамытуға мүмкіндік бар.
Захар Сидоренко, РФ Орталық конструкторлық бюросының бас директоры:
-Біз «Валдай-45Р» типіндегі үш кемені ұсынуға дайынбыз. Бұл жоғары жылдамдықты, су асты қанаттарымен жабдықталған кеме. Жылдамдығы сағатына 74 шақырымға дейін жетеді, ал маршрут қашықтығы 400 шақырымға дейін.