Аллергияға қарсы екпе сынақтан өткізілді

  • 8
  • 03.06.2026, 19:48

Елімізде жусан шөбінің тозаңынан болатын аллергияға қарсы вакцина сынақтан өткізіліп жатыр. Нәтижесінде ондаған адамның шаң-тозаңға сезімталдығы едәуір төмендеген. Сынақ жұмыстары қанша уақытқа созылады? Аллергиядан түбегейлі емделуге бола ма? Ел халқының қанша пайызы аталған дерттен зардап шегуде?

Аллергиядан әбден мазасы қашып, мезі боп жүргендердің бірі – Никита Фролов. Дәрігерлер оның ағзасынан тағамға да, өсімдіктердің шаң-тозаңына да сезімталдық барын анықтаған. Түшкіру, терінің қышуы қалыпты жағдайға айналыпты.

Никита Фролов, студент:

-Аллергия көктемде қозып, жаз мезгілі асқына бастайды. Сосын күзге қарай тағы қатты сезіледі. Мүлде мазам болмайды. Бұл кезде мен үйден шықпауға тырысам. Ал емделудің өзі ұзақ уақытқа созылады.

Аллергия – әлемдік деңгейдегі мәселенің бірі. Елімізде де осы дертке шалдыққандар аз емес. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, елімізде әрбір бесінші адам аллергиядан зардап шегеді.

Жаңагүл Жанатқызы, аллерголог-иммунолог, дәрігер:

-Қазіргі таңда маусымдық аллергия, жылдық аллергический ринит пайда болады. Бронх демікпесі, есекжем, дәрі-дәрмекке, тағамға аллергия кездеседі. Аллергияны емдемей, дәрігерге көрінбей өз бетімен ем алып жүргенде ол күрделі ауруларға ауысуы мүмкін.  

Аллергияны қысқа мерзімде емдейтіндей дәрі ойлап табу үшін әлемнің медицина ұйымдары бас қатырып әлек. Отандық дәрігерлер де тер төгіп жүр. Алдымен аллергендердің 90 пайызға жуығы жусан шөбінің тозаңынан болатынын анықтап, соған қарсы екпе жасауды қолға алды. Бүгінде бірінші кезеңін сәтті аяқтаған.

Қайсар Табынов, ҚАЗҰАЗУ жанындағы халықаралық вакцинология орталығының директоры:

-Бұл клиникалық зерттеуге бізде 49 адам қатысты, соның 30-ы негізгі зерттеуге кірді. Біздің жалпы вакцинамыз осы ем қабылдаған пациенттерде өте жақсы нәтиже көрсетті. Ем қабылдаған адамдарда осы аллергенді тежейтін антиденелердің концентрациясы 20-30 есе ұлғайды.

Бұл маңызды әрі ауқымды зерттеу жұмысы осыдан 6 жыл бұрын басталған. Қазір Алматыдағы емханалардың бірінде сынақтың екінші кезеңі жүргізіліп жатыр.

Қайсар Табынов, ҚАЗҰАЗУ жанындағы халықаралық вакцинология орталығының директоры:

- Жалпы емді ыңғайлы қылу үшін қазіргі таңда ультрақысқа дейді ғой. Иммунатерапияның тәсілін қазір біздің вакцина арқылы осыны ұсынып жатырмыз. Оның ұзақтығы жалпы үш апта. Үш аптаның ішінде сіз, 1 апта аралығымен 4 екпе қабылдайсыз тері асты. Сонымен мына келе жатқан жусан тозаңы маусымына біздің пациенттер дайын болады дегенді білдіреді.

Отандық вакцинаны үш кезең бойынша сынақтан өткізу жоспарланған. Барлық сатысы сәтті аяқталса, онда аллергияға қарсы екпені өзімізде де өндіру мүмкіндігі тумақ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин