Мамандардың айтуынша, тегіс жер ылғалдың біркелкі таралуына жағдай жасайды. Биыл өңірде осы әдіспен өңделетін алқап көлемі 65 мың гектарға жеткізілмек. Енді ғалымдар бұл тәсілдің нақты қанша су үнемдейтінін және өнімділікке әсерін зерттеуге кірісті.
Биыл Сыр өңірінде егінді суаруға 3 миллиардтан астам текше метр су лимиті бөлінді. Бұл былтырмен салыстырғанда 650 миллион текше метрге кем. Су тапшылығының алдын алу үшін мамандар су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдетіп отыр. Соның бірі – жерді лазермен тегістеу. Бұл әдістің нәтижесін нақтылау үшін ғалымдар арнайы зерттеу бастады. Ол үшін алқаптарда автоматты суару жүйесі қолданылуда.
Серікбай Өмірзақов, Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бас ғылыми қызметкері:
-Судың бетін плюс минус 0,5 - 1 сантиметр деңгейіне жеткізіп, сонан кейін бүкіл мынау автоматтандырылған қондырғыларды орналастырып, осыны егін өндірушілерге дәлелдеп көрсетіп береміз. Бұның өнімділікке әсері, суды үнемдеуіне қандай әсері бар, сондай әсерлерін нақты көрсету арқылы ғылыми жетістіктерді пайдаланудың қажеттілігін дәлелдейміз.
Автоматтандырылған су өлшеу құрылғысы атыз басындағы су арналарына қойылады. Отандық мамандар құрастырған бұл жүйе толық күн энергиясымен жұмыс істейді. Электр қуатын да көп қажет етпейді. 12 вольт жеткілікті. Шағын аппарат негізгі екі бөліктен тұрады.
Ернар Егізбаев, жоба инженері:
-Біреуі судың ағысын ашып-жабу үшін арналған, екіншісі ол сол кірген суды және шыққан судың барлығын есептеу үшін арналған. Бұл система бізге қазіргі кезде осы, поляларға келген судың барлығын қанша куб, қанша шығын келіп жатыр, қанша су кіріп жатыр, шығып жатқанын барлығын біз осы арқылы біле аламыз.
Заманауи құрылғы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелік алқабындағы 7 аумаққа орнатылды. Қазір бұл жерге отандық «Сыр сұлуы» күріші егілген. Жаңа технологияның нақты экономикалық тиімділігі мен қорытынды нәтижесі күзде өнім жиналғаннан кейін белгілі болады.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин