Қызылорда облысында жыл басынан бері 6 адам суға кетті

  • 9
  • 04.06.2026, 19:43

Оның екеуі – бала. Мамандардың айтуынша, тұрғындар судағы қауіпсіздікке мән бермейді. Ал ата-аналар баласын қараусыз қалдырып жатады. Өңірде суға түсуге қауіпті 63 жағажай  анықталып, бақылауға алынған. Бұл учаскелерге 400-ге жуық ескерту белгісі мен жүзден астам ақпараттық билборд орнатылды. Төтенше жағдайлар департаменті арнайы жабдықталған жағажайларға баруды және сақтықты ұмытпауды ескертеді.

Жандос Досымов, облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:

- Жыл басынан бері 400-ден астам рейдік жұмыстар өткізіліп, 13 мыңнан астам тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қабылданған шараларға қарамастан, биыл судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 11 баланың ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік шара көрілді. Облыс көлемінде суға шомылуға арналған 9 ресми орын белгіленген. Сондықтан тұрғындарды тек арнайы белгіленген жағажайларға шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.