Балқаш әуежайы қайта жаңғыртудан кейін алғашқы рейстерді қабылдады. Астана мен Алматыдан ұшып келген жолаушылар жаңа әуе қақпасының қызметін пайдаланған. Әуежай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлік көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары аясында жаңарғыртылды. Қазір нысан халықаралық стандарттарға сай, ал оның жолаушыларды өткізу мүмкіндігі сағатына 80 адамға дейін артқан.
Кең ауқымды жаңғыртудан кейін Балқаш әуежайы жұмысын қайта бастады. Енді мұнда Астана мен Аламатыдан рейстер күн сайын қатынайды. Балқаш облыс орталығынан 363 шақырым, ал Астанадан шамамен 600 шақырым қашықта орналасқан. Бұған дейін курорттық аймаққа жету көп уақыт алатын.
Серік Қасымбеков, жолаушы:
- Әуежайымыз жаңадан салынып, бірінші рейспен Астанадан келіп жатырмыз. Өте тамаша. Алматы – Астана ашылып жатыр. Тағы басқа рейстер ашылады деген ойдамыз.
Әуежайда туристік-ақпараттық орталық жұмыс істейді. Мұнда жолаушылар Балқаш пен Қарағанды облысының көрікті жерлері, демалыс орындары мен туристік бағыттары туралы мәлімет алады. 2,5 жыл ішінде әуежайдың инфрақұрылымы толық жаңартылды. Ұшу жолы мен перрон қайта жөнделіп, арнайы техника қызметінің ғимараты салынды. Бұған қоса заманауи жаңа 10 техника алынды.
Сапар Сатаев, Балқаш қаласының әкімі:
- Осы жерге жеке маршрут аштық. Осы самолеттердің ұшып келіп, ұшып кететін уақытына қаладан жеке маршрут жүретін болады. Келешекте Тораңғылық, Шұбартүбекке арнайы жеке маршруттар ашамыз.
Аэровокзал ғимаратында да ауқымды жұмыстар жүргізілді. Ол өткен ғасырдың 60-жылдары салынған. Жаңғырту барысында қасбетінің тарихи қалыпын сақталған. Сонымен қатар ішкі бөлмелер толық жаңартылып, жайлы етілген.
Мақсат Мұқашев, Жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы:
- Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 80 жолаушыны қабылдауға жетті. Бұрын бұл көрсеткіш 60 адам болатын. Енді орталық атқарушы органдармен бірлесіп, Балқаш әуежайының ұшу бағыттарының географиясын кеңейту міндеті тұр.
Өңірде көлік желісін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Жаз мезгілінде Қарағанды мен Балқаш арасында қосымша теміржол бағытын іске қосу жоспарланған. Ал Балқаш-2 теміржол станциясы күрделі жөнделді.
Мамандардың айтуынша, мұның бәрі облыстың басты курорттық аймағына демалушылардың қиналмай қатынауына үлкен мүмкіндік береді.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит