Олжас Бектенов СҚО-да ауыл шаруашылығының даму барысын тексерді

  • 7
  • 05.06.2026, 19:35

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Премьер-министр Олжас Бектенов барды. Үкімет басшысы Петропавлда көктемгі дала жұмыстарының аяқталуына байланысты кеңес өткізді. Жиында Призидент тапсырмаларының орындалу барысы мен агроөнеркәсіп саласының дамуы талқыланды. Сонымен қатар Премьер-министр өңірдегі ірі инвестициялық жобаларымен танысып, бірқатар кәсіпорында болды.

Премьер-минитр Олжас Бектеновтың жұмыс сапары Корнеевка ауылындағы заманауи тауарлы сүт фермасынан басталды. Озық технологияларға негізделген кешенде асылтұқымды 2,5 мың ірі қара бар. Кәсіпорын жұмысы толық цифрландырылған. Енді жасанды интеллект үрдістері енгізіледі.

Александр Фадеев, серіктестік директоры:

- Тауарлы сүт фермасында малдың жай-күйін бақылау, жем-азық беру, климаты реттеу жүйесі толық цифрландырылған. Қазір талдау мәліметтерін жасанды интеллект арқылы өңдеуді қарастырып жатырмыз.

Солтүстік Қазақстан облысы – астықты аймақ. Биыл өңірде 4 мың 300 гектар жерге дән себілді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов көктемгі дала жұмыстарын аяқтаған диқандармен кездесіп, ауыл шаруашылығы - ел экономикасының басым бағыты екенін атап өтті. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Ауылға, ауыл шаруашылығына қомақты қаражат бөлініп жатыр. Қазір айтып жатырмыз ғой, биыл 1 трлн 200 млрд теңгеге дейін жеткіземіз. Осындай қаражат ешқашан болған жоқ. Оның бәрі Президент жұмысының нәтижесі, саясаты, көңілі, назары. Сондықтан әрі қарай да, әрине қолдауды жалғастырамыз. Мемлекет тарапынан әрдайым қолдау болады. Тек қана адал, нәтижелі жұмыс жасасаңыздар болды.

Серік Малаев, серіктестік директоры:

- Ақырғы екі жылда мемлекеттің қолдауы өз шешімдерін тауып, шаруашылықтар технологиялық серпіліске жол ашты. Барлық шаруашылықтарға кредит ресурстарын алуға қолжетімді болып жатыр. Өз тарапымыздан ауылды көркейтуге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ауылдың экономикасын нығайтуға өз жағымыздан қызмет істейміз.

Көктемгі дала жұмыстарының қорытындысы мен агроөнеркәсіп кешенінің дамуы Петропавлда өткен кеңесте талқыланды. Жиында ауыл шаруашылығы министрі мен Ақмола, Қостанай, Түркістан, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері онлайн түрде баяндама жасады. Премьер-министр кәсіпкерлерге мал шаруашылығын да қатар дамыту керектігін ескертті. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жиынға ауыл шаруашылығы саласының бизнес өкілдері қатысып отыр. Оларға ірі шаруашылықтар ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтуы керектігін тағы еске салғым келеді. Бұл Сіздерге қойылған басты талап. Мемлекеттің қолдауына сәйкес , міндеттемелер де орындалу керек. Кім бұнымен айналыспайды, олардың жерін мемлекет меншігіне қайтару жағын қарастырамыз.

Мал шаруашылығының дамуы ветеринарлық қауіпсіздікке байланысты. Бұл ретте Президент тапсырмасымен Үкіметтен сала инфроқұрылымын дамытуға 66,2 млрд теңге бөлінді. Оған 2400 ветеринарлық нысан салынады. «Қазір ел бойынша эпизоотиялық ахуал тұрақты», - дейді мамандар. 

Қазбек Тәшімов, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы:

- Республикамыз аусылдан вакциянациямен таза аймақ мәртебесін алды. Бұл мәртебені беру бізге көптеген мүмкіндіктердге қол жеткізеді. Атап айтқанда, экспорттық әлеуметті арттыруға біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруға және қосымша нарықтарды ашуға мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов сапар аясында Петропавлдағы арнаулы экономикалық аймақта болды. Бұл жерде қазір 4 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Инвестиция құны - 50 млрд теңге. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков