Егіс науқаны табысты аяқталды

  • 9
  • 08.06.2026, 19:35

Елімізде егіс науқаны табысты аяқталды. Дала жұмыстарының уақытылы жүргізілуіне Үкімет тарапынан қабылданған кешенді қолдау шаралары ықпал етті. Атап айтқанда, шаруаларды қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту.   

Биыл 23,8 млн гектар жер игерілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 180 мың гектарға артық. 14,6 млн гектар жерге дәнді дақыл егілсе, 4,2 млн гектарға майлы дақыл себілді. Қалған алқапқа мал азығы, мақта, көкөніс, бақша дақылдары, картоп және қант қызылшасы егілген.

Биыл Үкімет оңтүстік өңірлерге ерекше назар аударуда. Ондағы ылғалды көп қажет ететін дақылдардың алқабын жүйелі түрде оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Республика бойынша күріштің егіс алқабы 20,2 мың гектарға қысқартылды. Ал мақта шаруашылығында су үнемдеу технологиялары енгізілді. Дәстүрлі суару әдістері 12 мың гектарға қысқартылып, тамшылатып суару технологиясы енгізілген мақта алқаптары 29,8 мың гектарға ұлғайтылды.