Тараз қаласындағы тұрғын үй құрылысының тоқтап тұрғанынан үш жылдан асқан. Жергілікті халық ол жерді қауіпті алаң деп санайды. Себебі балалар қоршауы бұзылған нысанның ішіне кіріп ойнайтын болған. Тіпті осы уақытқа дейін бірнеше жеткіншек жарақат алған көрінеді.
15-шағын аудандағы бұл үйдің құрылысы 2020 жылы басталған. Сөйтіп 3 жыл ішінде пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда құрылыс жұмыстары жарты жолдан тоқтап қалды. Қазір бала біткен қараусыз нысанның қабырларына өрмелеп, ойын алаңына айналдырып алған. Ойнаймын деп жарақат алған жасөспірімдер де бар. Қазір аяқсыз қалған ғимарат тұрғындардың бас ауруына айналып отыр.
Назым Қожабекова, қала тұрғыны:
-Бала-шаға әрдайым кіріп кете береді, қалай аңдысақ та. Бірі болмаса, бірі кіріп кете береді. Бала шағаны далаға шығаруға қорқамыз, аңдып жүріп ойната алмаймыз. Енді осыны бітіріп бір жақты қылмайды ма деп ойлаймын. Мүлдем жауып тастайды ма қалай қылады?!
Дәрия Рыскелдиева, қала тұрғыны:
-Бәрібір ол балалар қызығады ғой мынаған шығып секіреді ойнайды, шығады. Талай баланы көрдік қой жоғары қарай шығып жүргендерін. Құлап қалса кім жауап береді оған. Соқсын не көзін құртсын мынаны. Бірдеңе істеу керек қой. Осылай тұра бере ме?
80 пәтерлі тұрғын үй құрылысына бастапқыда республикалық бюджеттен 730 миллион теңге бөлінген. Жұмысты қолға алған мердігер 311 миллион теңге алып жұмысын бастағанымен, кейін мерзімінен кешігіп аяқтай алмады. Сондықтан әкімдік компанияны сотқа берген. Өткен жылы жауаптылар құрылысты жалғастыру үшін нысанға қайта техникалық сараптама жүргізді. Қорытындыға сәйкес, бұған дейін салынған ғимарат қаңқасы пайдалануға жарамды деп танылды. Сондықтан құрылыс жұмыстары биыл қайта жанданады.
Дамир Жаманбаев, қала әкімінің орынбасары:
-Құрылыс жұмысын шілде, тамыз айында бастауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда өзімізде бұл тұрғын үйдің бастапқы қаражатынан 420 млн-дай қаражаты бар өзінің. Сонымен құрылысты бастай береміз. Қалған артық ақшасын біз келесі жылы және биылғы жылдың соңында қосымша бөлетін боламыз. Бас-аяғы 1 млдр 200 млн теңге деп жобалап отырмыз.
Көпқабатты үйді аяқтауға тағы 500 миллион теңге қажет. «Бұған құрылыс заттарының қамбаттауы себеп», - дейді жауаптылар. Жалпы жаңа жоба аясында балалар алаңы салынып, баспаналар ауласы абаттандырылады. Ал пәтерлер үй кезегінде тұрған тұрғындарға ипотекамен берілмек.
Мерей Бает, Елдар Байділдә