Зайсандағы әуежай құрылысының негізгі бөлігі аяқталуға жақын. Алайда жоба жетекшілері соңғы, төртінші кезең жұмыстарының басталуына мемлекеттік сараптамалардың уақыты жүргізілмеуі кедергі болып отырғанын айтады. Жаңа нысан биыл пайдалануға беріліп, алғашқы жолаушыларды қабылдай ала ма, жоқ па?
Зайсандағы әуежай құрылысы басталғалы бері бір жылдан асты. Қазір жобаның бастапқы екі кезеңі толық бітті деуге болады. Ұшу-қону жолағы, коммуникация, электр желісі, су тораптары дайын. Екі ауысыммен еңбек етіп жатқан 300 адам енді үшінші-төртінші кезеңге ден қойған. Алайда «дәл осы ең соңғы бөліктерге қатысты басты құжаттың кешігуі шаруаға қолбайлау болып тұр»,- дейді құрылыс жетекшілері.
Ербол Тәжібаев, жоба жетекшісі:
- Соңғы төртінші кезең ең маңызды әрі жауапты бөліктердің бірі. Жұмысты жеделдетіп жатырмыз. Бірақ бұл жерде терминал мен соған қатысты бірнеше ғимараттар бар. Ал мемлекетік сараптамалық құжаттың қолымызға тимеуі осы шаруаларды жүргізуге кедергі келтіріп тұр. Әйтпесе қарап отырған жоқпыз. Барлығын талапқа сай атқарып жатырмыз.
Мамандардың айтуынша, мұндағы әр нысанның салынуы бір- бірімен тығыз байланысты. Олардың қай-қайсысы болмасын бүкіл әуе айлағының қызметін реттеп, жолға қою үшін маңызды рөл атқарады.
Мына салынып жатқан ғимарат командалық диспетчерлік пункт. Бұл жерде желдің жылдамдығы, жарықтың дұрыс түсуі, ауа райындағы өзгеріс жалпы ұшақты қарсы алуға қатысты ең маңызды ақпараттардың барлығы жинақталады сондықтан да бұл әуежайдың миы деп те аталады. Қазір нысанның 80 проценті бітіп тұр.
Командалық диспечерлік пункт ішіне жүздеген шақырым кабель тартылған. Жұмысшылар әр бөлшектің, әр сымның дұрыс орналасуына ерекше мән береді.
Кенжебек Жанұзақов, учаске шебері:
-Бұл арқылы әуежайға ұшақтың ұшып кетуі,келуі осы нысан арқылы бақыланады. Кабельдер өте көп, өйткені неге десеңіз мында байланыс жүйесі, интернет жүйесі, басқа да жүйелер өйткені, осы арқылы мына командалық диспетчер пункт арқылы әуежай сол самолетқа арнайы ақпаратты беріп отырады.
Сонымен жоба жетекшісінің айтуынша, әуе айлағының құрылысы күзде аяқталады. Дегенмен келер айда сынақ рейсі жасалынбақ. Әуежай іске қосылғаннан кейін Қытайдың Үрімші, Қанас қаласына әуе жолын ашу жоспарлануда.
Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов