Жаңа заң елорданың дамуына қалай ықпал етеді?

  • 8
  • 09.06.2026, 19:32

Еліміздегі туристер ағыны үзілмейтін орынның бірі - Астана. Іскерілік, білім мен ғылым, медицина өзге де игіліктердің шоғырланған жері – бас қала. Бұл өз кезегінде жергілікті биліктің алдында жолдар салу, әлеуметтік нысандар тұрғызу, көлік жүйесін дамыту, жалпы қаланы абаттандыру бойынша жаңа міндеттер жүктейді. Осы мәселелерді шешу жұмыстарын жеделдету және жүйелеу мақсатында Мемлекет басшысы жақында ғана «Астананың мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Құжат елорданың дамуына қалай ықпал етеді?

Астана бүгінде елдің саяси және іскерлік орталығы ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Мұнда қоныс аударушылар қатары артуда. Тек өткен жылдың өзінде қала халқы шамамен 90 мың адамға артыпты. Мұндай қарқынды өсім инфрақұрылымға да әсер етуде. Осы және өзге де қажеттіліктер 2007 жылы қабылданған заң аясында шешілуде. Алайда күрмеуі қиын мәселе көп.   

Индира Оралова, заң ғылымдарының докторы:

- Астананың мәртебесі туралы жаңа заңда көптеген жаңа нормалар мен жаңашылдықтар бар. Бұрын әкімдік пен мәслихаттың қандай мәселеге жауапты екені нақты айқындалмаған еді. Жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері де нақты көрсетілмеген. Сонымен қатар бір мәселе бірнеше заңда қатар реттеліп, түсініксіздік туындайтын. Жаңа заң осының бәрін реттейді.

Қалалық инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру және көлік жүйесін жетілдіру мәселелері — жаңа заңның басты бағыттарының бірі. Мысалы, енді міндетті түрде дизайн-код енгізіліп, оны бұзғандарға қатысты  жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ елорданың жасыл белдеуі құқықтық қорғауға алынады.

Индира Оралова, заң ғылымдарының докторы:

- Дизайн-код ғимараттардың қасбеттері, дүкен маңдайшаларының, жарықтандыру, тіпті құрылысы аяқталмаған нысандарының сыртқы келбетін реттейді. Ал Астананың орман-парктік аймағында не істеуге болмайтыны заңмен нақты белгіленді. Мысалы, мал жаюға, қоқыс тастауға, аң аулауға және экожүйеге зиян келтіруі мүмкін кез келген қызмет түрімен айналысуға тыйым салынады. Бұрын мұндай нақты шектеу болмаған.

Ал жасыл белдеудің шекарасы енді әкімдіктің ұсынысы бойынша Үкіметпен бекітіледі. Сонымен қатар Астанадағы көлік ағынын және автотұрақтарды басқарумен арнайы орталық айналысатын болады. Қала тіршілігіне қатысты бірқатар қызмет цифрландырылады.

Ердәулет Ыбырайұлы, Қайрат Ақтөрейов