Жыл басынан бері қыз алып қашу бойынша 19 іс сотқа жіберіліп, сталкинг бойынша 80-нен астам қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Мәжілісте айтылды. Некеге мәжбүрлеудің алдын алу жөніндегі дөңгелек үстелде жаңа заңның орындалу барысы сөз болды. Құжатта қыз алып қашу үшін ғана емес, жалпы мәжбүрлі некеге себеп болатын барлық іс-әрекеттерге жаза қарастырылған.
«Айта кету керек, заң тек әйелдерді емес, ер азаматтарды да қорғайды», - дейді Ішкі істер министрлігінің өкілдері. Сондай-ақ жиында сталкингке қатысты да жазаны күшейту керектігі айтылды.
Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер вице-министрі:
- Біз бұл мәселеде кісіні аңду бойынша сотталып, кейіннен тағы да осындай заңбұзушылыққа барғандар туралы айтып отырмыз. Біз орта дәрежедегі ауырлық деген ұғым енгізіп, сол арқылы 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырмақшымыз. Бұл бастама қазір ведомствоаралық жұмыс тобында және Әділет министрлігінде талқыланып жатыр.