Зайсан ауданының 8 ауылында табиғи газ жоқ. Тұрғындар бірнеше жылдан бері осы мәселені көтеріп, көгілдір отынды күтіп жүр. Жауаптылардың айтуынша, елді мекендерге газ құбырын тарту бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалды. Қазір сараптамадан өтіп жатыр. Жалпы Зайсан мен қалаға қарасты 9 ауылға бұған дейін газ тартылды. Қалған ауылдар қашан игілігін көреді?
Зайсанға газ құбырын тарту 13 жыл бұрын басталды. Алдымен аудан орталығы мен 9 ауыл табиғи газ желісіне қосылды. Қалған ауылдар әлі кезегін күтеуде. Көкжыра ауылындағы негізгі проблема осы. Жұрт от жағып, күл шығарудың қиындығын көріп отыр.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Газ құбыры осы Көкжыра ауылының дәп іргесіне дейін жетіп тұр.Оған дәлел мына сары құрылғы. Осы таяқтастам жердегі игілікке ауыл тұрғындары 8 жылдан бері қол жеткізе алмай келеді.
Көрші елді мекендер көгілдір отынның рахатын көріп отырғанда, көкжыралықтар пеш жағып, күл шығарып жүр. Төлеу Қырғышбаева: «Жасым 70-ке жақындаса да, қыс бойы отын жинап, от жағамын» , - дейді. Тура ауыл шетіне кеп тұрған газ желісін қолдана алмай отырғанына қынжылады.
Төлеу Қырғышбаева, Көкжыра ауылының тұрғыны:
- Жыл көлемінде от жағу өте қиын. Иә, көмір болса, оны кіргізіп-шығару да оңай емес. Міне, енді жетпіс жаста бізге өте қиын, ауыр. Сондықтан біз газды күтіп отырмыз. Жамбыл ауылында бар да, бізде жоқ. Иә, өте қиын. Енді шамамыз келгенше сұраныс жасап жатырмыз. Болады деген үмітіміз бар.
Сегіз ауылдың мәселесін маслихат депутаттары бірнеше рет көтерді. Тұрғындардың талап-тілегін салалық басшылыққа талай жеткізген.
Еркебұлан Зағыпаров, аудандық мәслихат төрағасы:
- Бұл ілеспе газ өзінен-өзі шығып жатыр, тек насос оны айдап тұр. Оның астында әлі қаншама газ бар екені белгісіз. Нақты қорын анықтап, бізге «осынша қор бар» деп ешкім айтқан жоқ. Газ бітеді деген әңгіме айтылып келе жатқанына он жылдан асты ғой, иә, бірақ әлі біткен жоқ. Халық көріп отыр. Сондықтан газ бәріне бірдей таратылып, берілуі керек.
2019 жылы қаражат бөлініп, бұл ауылдарға газ құбыры тартылуы тиіс еді. Алайда жобаны ұтып алған мердігер мен байқау шешіміне келіспеген екінші компанияның арасында дау туындап, іс сотқа жетті. Сот аяқталғаннан кейін жобалық-сметалық құжатты түзету қажет болды. Алайда оған салалық министрлік рұқсат бермеген.
Қайрат Жүрсінов, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Түйткілді сұрақ шешіле бастады. Осыған дейін түзетулер жасауға рұқсат етілмеді, өйткені газ қорына байланысты көптеген маңызды сұрақтар бар еді. Енді қазір жоба дайын ,тек оның мемлекеттік сараптамадан өтуін күтіп отырмыз. Одан кейінгі мәселе қаржыландыруға кеп тіреледі.
Мамандардың айтуынша, жоба құны әзірге 4 миллиард теңге шамасында. Бұл сома сараптама нәтижесінен кейін өзгеруі мүмкін.
Дайыр, Біржан, Сарытерек, Сарыжыра, Көкжыра, Қуаныш, Жарсу және Бақасудағы ел-жұрттың үміті оянды. «Шекара түбіндегі ауылдарға газ кірсе, халық тұрақтап, тіршілік жанданады», - дейді олар.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабахано