Балқаш ауруханасы жаңғыртылды

  • 8
  • 10.06.2026, 19:42

Балқашта көпсалалы аурухананы ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталды. Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, жаңадан салынған корпуста операция жасайтын бөлімдер ашылды. Бұл өзгерістер еліміздегі ең қарқынды көлік жүретін бағыттардың бірі - «Қарағанды -Балқаш» тасжолы үшін аса маңызды. Себебі жолда жыл сайын ондаған ауыр жол-көлік оқиғасы тіркеледі, зардап шеккендер көбіне осы ауруханаға жеткізіледі.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Биыл бес айда «Қарағанды-Балқаш» және Жамбыл облысы шекарасына дейінгі тасжолда 6 жол апаты тіркелген. Салдарынан 5 адам қаза тауып, тағы 25 адам түрлі жарақат алды. Балқаштағы туристік маусым басталған бетте көлік ағыны артып, жол апаты да жиілей түседі. «Жол апатынан зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету үшін қаладағы көпсалалы аурухана жанынан жаңа корпустың салынуы өте маңызды», - дейді мамандар. 

Былтыр бұл жолда 60 шақты жол-көлік оқиғасы болып, 30 адам көз жұмған. Жол апатынан зардап шеккендер Балқаштағы ауруханаға жеткізілді. Алайда медициналық көмектің кейбір түрін жасауға мүмкіндік болмады. Әрі бұл 400 шақырым төңіректегі елді мекендерге қызмет көрсететін тірек мекеме болғандықтан, аурухананы жаңғыртып, қызмет сапасын арттыру маңызды мәселелердің бірі еді. Осыған байланысты қайтарылған активтер есебінен аурухана жаңғыртылып, заманауи қабылдау бөлімі мен операциялық залдары бар қосымша корпус салынды. Жаңа жабдықтар мен кеңейтілген мүмкіндіктердің арқасында дәрігерлер көмекті жылдам көрсетіп, күрделі операцияны дер кезінде жасай алады. 

Серікбол Түсіпбеков, Балқаш қалалық көпсалалы ауруханасының директоры:

-  Біздің «операционный» бөлімшеміз, бөлмелер алтыншы қабатта. Яғни шұғыл көмек керек кезде біз уақыт жоғалтамыз.  Мына бірінші қабатта қосымша ғимарат салған себебіміз де сол. Екі операциялық бөлме ашылды. Бұл біріншісі шұғыл операция жасау, екіншісі жүрек-қан тамырлары ауруларына шұғыл операция жасау бөлмесі. Енді туристік маусымға келетін болсақ, біздің ауруханамыз толықтай дайын. 

Жолдағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында «Қарағанды-Балқаш» трассасында заманауи бақылау жүйелерін орнату жұмысы жалғасып жатыр. Қазір жол бойында көлік салмағын өлшеу кешендері мен жүргізушінің ұйықтап кетуінің алдын алатын арнайы лазерлік құрылғылар жұмыс істеп тұр. Мамандардың айтуынша, мұндай технологиялар өз тиімділігін дәлелдеп, апат санын айтарлықтай азайтуға көмектеседі.

Нұрсұлтан Елемесов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалы директорының орынбасары:

- Жол бойына арнайы лазерлік жүйелер орнатылды. Қазір «Қарағанды – Балқаш» жолының бойында осындай 14 кешен жұмыс істеп тұр. Бұл жүргізушінің рөлде отырып ұйықтап кетуінің алдын алады. Көршілес Қытай елінде бұл жүйе жол апатын 30-40 пайызға азайтқан.

Қайта жаңғыртудан кейін «Қарағанды - Балқаш» тасжолының қауіпсіздігі айтарлықтай жақсарды. Жол бірінші техникалық санатқа ауыстырылып, белгілер қойылып,  қарсы бағыттағы көлік ағындары тосқауыл арқылы бөлінді.

Мамандардың айтуынша, соның арқасында бетпе-бет соқтығысулар жойылды. Дегенмен жол апатының басты себептерінің бірі жүргізушілердің шаршауы мен рөлде ұйықтап кетуі болып отыр. Сондықтан магистраль бойында жолаушылар демалып, күш жинай алатын 18 арнайы демалыс алаңы жабдықталды.

Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит