Алматының таулы аймақтарында өрт қаупі жоғары

  • 7
  • 10.06.2026, 19:38

Жаз басталғалы бері ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 100-ге тарта өрт тіркеліп, дер кезінде сөндірілген. Күннің күрт жылынуына байланысты таулы аймақтардағы қар тез еріп жатыр. Салдарынан құрғақ шөп тұтанып, Тянь-Шань шыршалары өсетін орман алқаптарында өрт шығу қаупі жоғарылады. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін «ҚазӘуеОрманқорғау» мамандары қандай дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр?

Тікұшақпен өтетін әуе жаттығуларында өртсөндіруші десантшылардың даярлығы сынға түседі. Бұл жолы «Қазавиаорманқорғаудың» Алматы, Жамбыл, Жетісу облыстарындағы мамандары дайындықты бірге пысықтады. Олардың міндеті – таудағы өрт орнына жедел жетіп, жалынның таралуына жол бермей, оны бастапқы кезеңінде ауыздықтау. Ол үшін мамандар 40–50 метр биіктікте қалықтап тұрған тікұшақтан жерге түседі.

Владимир Санаров, «Қазавиаорманқорғау» РМК Ұшу-өндірістік қызметінің инспекторы:

-  Біз тікұшақпен әуеден бақылау жүргізген кезде әрдайым өртсөндіруші десант тобы мен су төгетін арнайы құрылғы бірге болады. Биылдан бастап осы тәсілмен жұмыс істеп жатырмыз. Өрт анықталған жағдайда десантшыларды бірден оқиға орнына түсіреміз. Одан кейін су төгетін құрылғыны жалғап, 10 минуттың ішінде өрт ошағына су төге бастаймыз.

Әуе жаттығуы кезінде әрбір өртсөндіруші тікұшақтан бес рет жерге түсуі керек. Алдымен тікұшақ 10 метр биіктікте қалықтайды, кейін біртіндеп жоғары көтеріледі. Жаттығудың мақсаты – төтенше жағдай кезінде туындайтын қорқыныш пен психологиялық кедергіні жеңуге үйрету. Егер өртсөндіруші барлық кезеңнен сәтті өтіп, қателік жібермесе, ол нақты өрт сөндіру жұмыстарына қатысуға рұқсат алады.

Игорь Абуев, «ҚазӘуеОрманқорғау» РМК бас директорының орынбасары:

- «ҚазӘуеОрманқорғау» күзететін аумақтарда ел бойынша шамамен 82 өрт тіркелген. Олардың бәрі дер кезінде анықталып, үлкен аумаққа жайылмай, тез арада сөндірілді. Қазір ел аумағында өрт қаупі өте жоғары. Сондықтан барлық өңірде орман мен таулы аймақтар бақылауға алынып, әуеден және жерден күшейтілген патруль жүргізіледі.

Таудағы өртті сөндіруге арналған әуе жаттығуларына «Қазавиақұтқару» ұшқыштары да қатысады. Олар тікұшақтың сыртқы ілмегіне бекітілетін әртүрлі су төгетін арнайы құрылғылармен жұмыс істейді. Экипаж шамамен 5 тонна су жинап, оны өрт ошағына жеткізіп, жалынға мүмкіндігінше жақын жерден төгуі керек. Бұл оңай шаруа емес. Сондықтан таулы, биік аймақтардағы өртті сөндіруге тек тәжірибелі ұшқыштар жіберіледі.

Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Радик Жакупов