Ұлытаудағы экология, су тапшылығы секілді өзекті мәселелерді шешу жолдарын отандық және шетелдік белгілі ғалымдар зерттейтін болады. Бұл туралы Жезқазғанда өткен ҚР Президенті жанындағы ұлттық ғылым академиясы президиумының көшпелі отырысында айтылды. Жиын қорытындысы бойынша өңірде ғылыми зерттеулер жүргізіп, стратегиялық болжамдар жасайтын форсайт орталық ашылды.
«Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбындағы көшпелі кеңестің Жезқазған жерінде өтуі уақыт талабы», - дейді ғалымдар. Себебі бүгінде елдегі ғалымдардың 61 пайызы Алматы мен Астанада шоғырланған. Тиісінше ғылымға бөлінетін қаржының да үштен екісі сол өңірлерге тиесілі. Ендігі мақсат аймақтарда кенжелеп қалған өңірлік ғылымды дамыту. Осы арқылы шалғай аймаққа тән мәселелерді шешу.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:
-Осы облысқа өте керек мәселенің бірі – бұл заманауи технологияны қолданып, геологиялық барлау мәселесін шешу. Бүгін бізбен бірге осы жиналысқа Қытайдың белгілі ғалымдары, академиктері келді. Солармен бірге осы барлау, геологиялық барлау жұмысын қолға алатын боламыз.
Отырысқа отандық ғалымдардан бөлек Қытайдың жетекші ғылыми ұйымдарынан мамандар қатысты. Олар Ұлытаудың ғылыми-технологиялық дамуының басым бағыттарын айқындап, отандық ғалыми жаңалықтарды экономиканың нақты секторына енгізу тетіктерін талқылады.
Нұртас Кәріпбаев, облыс әкімінің орынбасары:
-Өңіріміздегі су ресурстарын, сонымен қатар тау-кен және металлургия осы бағыттарға қандай шетелдің озық технологияларын жеткізу, оларды біздің өнеркәсіпке енгізу, біздің жұмысқа пайдалану бізге өте маңызды.
Жиын соңында өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған қарар мен бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды. Геологиялық кластер базасында ғылым академиясының өңірлік форсайт-орталығы ашылды.
Елдос Кәкенов, Нұрлан Исвмилов