Жаңа заңдар қоғамға не береді?

  • 8
  • 10.06.2026, 19:38

Қазақстандағы билік институты одан әрі жетілдіріліп, алдағы уақытта өзінің тиімділігін көрсетеді. Жақында Президент қол қойған 5 конституциялық заңға қатысты сарапшылар осылай дейді. Елдің басқару құрылымын жүйелейтін тың құжаттар биыл 15 наурызда қабылданған жаңа Ата заң ережелерін іске асыруға негіз болмақ.

Жаңа заңдардағы басты әрі қоғамда қызу талқыға түскен жаңашылдықтардың бірі – Вице-Президент лауазымы. Мәжіліс депутаты Наталья Дементьеваның сөзінше, бұл қызметті Президенттің көмекшісі ретінде қарастыруға болады. Тек құзыреті кең. Ол Президент тапсырған маңызды мәселелерге жетекшілік етіп, мемлекеттік органдармен жұмысты үйлестіреді.

Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл жаңадан келген тұлға емес, 30 жыл бұрын мұндай лауазым бізде болған. Қайтадан осы лауазымға келуге тура келеді. Өйткені біздің Президентіміз әртүрлі халықаралық кездесулерге жиі барады. Ол кісі тек ішкі саясатпен емес, дүниежүзілік саясатпен айналысып жүргенін бәріміз білеміз. Ол үшін көп уақыт кетеді. Қарапайым тілмен айтқанда, Вице-Президент Президентті алмастыратын тұлға емес, ол Президентке бір көмекші ретінде тұлға болады. 

Ал саясаттанушы Азамат Байғалиевтің пікірінше, Вице-Президент ұғымының енгізілуі – Мемлекет басшысының мықты институционалды билік құру жолындағы көп еңбектерінің бірі. Яғни осы арқылы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі одан әрі арта түспек.

Азамат Байғалиев, Қазақстандық Қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары:

- Вице-Президент лауазымының енгізілуі – бұл әлбетте құзыреттің бөлінуі және осы арқылы орталық биліктің күшеюі. Ал мұның барлығы мемлекеттік жүйенің басқару тиімділігін арттырады. Мұндай тәжірибе әлемде бұрыннан бар және оң нәтижесін көрсетіп келеді. 

«Ал Қазақстан Халық Кеңесі қоғам мен билік арасындағы алтын көпір болады», - дейді, сарапшылар. Себебі оның құрамына қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері енеді. Сәйкесінше, жұмысы да ауқымды болмақ. 

Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Оның қызметі өте кең. Өйткені 5 жыл бойы жұмыс істеп тұрған Ұлттық құрылтайдың функциясы осы Халық Кеңесіне кіреді. Бұдан басқа, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі де осы Халық Кеңесіне көшіріледі деп айтуға болады. Бұлардың барлығы әрине, өз ісінің шеберлері, өңірлердегі таныс, танымал тұлғалар болуға тиісті. Олардың барлығы қосылып, бір конститциялық органның ішінде жұмыс істей алады. 

Ең бастысы, олар арқылы қоғамның талап-тілегі билікке жеткізілмек. Жаңадан құрылатын Қазақстан Халық кеңесіне 126 адам мүше болады.

Дамир Берікұлы, Самат Сүлейманов