«Шу-Қайнар» тасжолын жаңғырту жұмыстары қайта жанданды. 2022 жылы басталған құрылыс бір жылдан кейін тоқтап қалған еді. Тапсырыс беруші мердігермен соттасып жүргенде, құрылыс мерзімі ұзарып кеткен. Жауаптылар респуликалық маңыздағы күрежолды келесі жылы пайдалануға береміз деп отыр.
Қайнар ауылынан Шуға баратын жалғыз жол осы. Қоғамдық көлік жүрмейді, тұрғындар аудан орталығына таксимен қатынайды. Шаңы шығып, тақырға айналған жолдың жөнделмегеніне 50 жылдан асты. Ой-шұңқыры көп жолдың бойында көлік жиі бұзылады.
Нұрлыбай Әбдібаев, жүргізуші:
-Мынандай көліктерге қиын енді. Запчастті де алу қымбат. Енді бұны бәрі айтып жатыр таксисттер де бәрі айтып жатыр. Енді ходовкасының бәрі қымбат өзіміз жөндейміз. Не істейміз енді?! Амал жоқ жүреміз. Ақша табу керек.
Республикалық маңызы бар жолдың бұл учаскесінде жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталған еді. 19 миллиард теңге бөлініп, басында құрылыс қарқынды жүрді. Алайда жыл өтпей тоқтап қалды. Мердігер жұмыстың небәрі 10 пайызын орындап, құрылыс алаңын тастап кеткен. «ҚазАвтоЖол» компаниясы міндетін орындамаған мердігерді сотқа берген. Құрылыс компаниясы жосықсыз деп танылып, айыппұл салынды. Құрылысты жалғастыру үшін жауаптылар былтыр жаңа мердігермен келісім жасады. Қазір құрылыс жалғастырып жатыр.
Дәурен Әмренов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары:
- Жолдың төсемі екі қабат болып күшейтілді. Жалпы қалыңдығы 60 сантиметр. Жоғарғы қабаты 6 сантиметрлік тығыз ұсақ түйіршікті асфальтбетоннан тұрады. Төменгі қабатының қалыңдығы 9 сантиметр. Бұдан бөлек 30 сантиметрлік құм-қиыршықтас қоспасы және 25 сантиметрлік қиыршықтас-құм қоспасы төселеді. Бұл жол халықаралық стандарттарға сай болады.
Жоба аясында жол жаңғыртылып, өткелдер құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіледі. «Қазір құрылыс алаңына 115 техника мен 160 адам жұмылдырылған. Бұл жолы мерзімінде тапсырамыз», - дейді жауаптылар. Жалпы биыл елімізде 11 мың шақырымнан асатын тасжол жөнделеді. Жобаға сәйкес 5 мың шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өтеді.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә