Семей ғалымдары сүт сарысуынан пайдалы өнім әзірлеуге кірісті

  • 7
  • 12.06.2026, 19:48

Семей қаласының ғалымдары ет және сүт өндірісінен шығатын жанама шикізатты кәдеге жаратып, адам денсаулығына пайдалы әрі экономикалық тиімді өнімдер әзірлеуге кірісті. Сүт сарысуынан не алуға болады? 

Жаңа өнім түрлерін Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының мамандары әзірлеуде. Ондағы бес зертханада өнімдердің құрамы зерттеліп, физикалық-химиялық талдаулар жүргізіледі әрі шикізатты өңдеудің заманауи технологиялары жетілдіріледі. Бұған қоса, шұжық цехы, қышқыл сүт өнімдерін өндіру цехы және семейліктерге жақсы таныс бауырдан жасалатын бәліш цехы жұмыс істейді.

Әнуарбек Сүйшінов, Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ҒЗИ Семей филиалының директоры:

- «Семей ет комбинаты» салынған кезде бұл өнімнің технологиясы Канададан әкелінген. Ол кезде комбинатта бес мыңға жуық адам еңбек етті. Сондықтан жұмысшыларды арзан, құнарлы әрі тойымды тағаммен қамтамасыз ету басты міндет болды. Көпшілік «пончик» дегенде тәтті кондитерлік өнімді елестетеді. Алайда біздің өнім бауырдан жасалатын ерекше тағам саналады.

Қазіргі институт мамандары екі ірі ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Оның бірі құс еті мен ірі қара мал етін терең өңдеуге бағытталса, екіншісі сүт өнімдерінің жаңа түрлерін әзірлеуді көздейді.

Жәнібек Есімбеков, Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ҒЗИ Семей филиалының бас ғылыми қызметкері:

- Біз ең алдымен, сүзбелік және ірімшік өндірісінен алынатын сүт сарысуын, сондай-ақ бидай кебегі мен күнжара сияқты өсімдік тектес қалдықтарды кәдеге жаратуға мән береміз. Осы шикізаттардан пайдалы ингредиенттер бөліп алынып, кейін сүт өнімдеріне тағамдық қоспа ретінде пайдаланылады. 

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда сүт сарысуын терең өңдеумен айналысатын кәсіпорын әзірге жоқ. Көп жағдайда ол мал азығы ретінде ғана қолданылады. Ал шын мәнінде, сүт сарысуы құнарлы әрі бағалы шикізат. Өйткені сүт құрамындағы құрғақ заттардың жартысы, оның ішінде ақуыз бен майдың едәуір бөлігі сарысу құрамында сақталады.

Зәуреш Смағұлова, Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ҒЗИ Семей филиалының аға ғылыми қызметкері:

- Сүт сарысуынан альбуминдік масса алуға болады. Бұл өнім шұжық өндірісінде кейбір шикізат түрлерін алмастырып, дайын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сарысу негізінде сергітетін сусындар өндіруге және оның құрамындағы пайдалы компоненттерді сүзбе мен қышқыл сүт өнімдерін жасауға пайдалануға болады.

Бүгінде институт әзірлеген технологиялар зертханалық және өндірістік деңгейде сынақтан өтуде. Алдағы уақытта ғалымдар тәжірибелік-эксперименттік зауыттың жұмысын қайта жандандыруды жоспарлап отыр. Ғылым мен өндірісті ұштастырған мұндай жобалар қалдықтарды тиімді пайдалануға ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков