Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы екі ауылға көгілдір отын жетті. Ақкемер мен Кемер елді мекені тұрғындары бұдан былай көмір тасып әуре болмайды. Жалпы өңірде биыл 8 ауылды табиғи газ желісіне қосу жоспарланған.
Ақкемер ауылы тұрғындары үшін бұл көптен күткен қуаныш. Төрттүлік бағып отырған халық: «Бір бейнеттен құтылдық», - дейді. Енді қыруар қаражатқа қыстық отын сатып алмайтын болды. Газ құбырын тарту жұмыстары «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асты. 65 млн 500 мың теңге бөлініп, 71 баспана 3 әлеуметтік нысан көгілдір отын желісіне қосылды.
Жұмагүл Нұрғалиева, Ақкемер ауылының тұрғыны:
- Тонна-тонна көмір жағып, таң атқанша отырдық. Одан кейін екі жыл тоқпен отырдым. Бірінші жылы 180 мың теңге төледім. Биыл 150 мың теңгеден төледім. Қиындық көрдім. Енді, шүкір, Аллаға, осы күнге жеткенімізге тәубе деймін. Ата-бабамыз да от жаққан. Сол отты жағып, үйді жылытудың өзі бір бейнет екен, қарақтарым.
Табиғи газ Ойыл ауданының Кемер ауылына да жетті. Елді мекенде 770 тұрғын бар. 20 әлеуметтік нысан қызмет етеді. Саралжың ауылдық округының орталығын көгілдір отын желісіне қосу үшін бюджеттен 207 млн теңге бөлініп, 15 шақырым құбыр тартылды.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Былтыр біз 32 ауылға, яғни 13 мың тұрғыны бар елді мекендерге газ жеткізіп, қостық. Бұл қарқын биыл да бәсеңдемейді. Жыл соңына дейін тағы 8 ауылды газға қосамыз. Биыл дайындалып жатқан жобаларды келесі жылы да жалғастыратын боламыз.
Жыл соңына дейін Ақтөбе облысы тұрғындарының 97,5 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Облыс басшысы ауылдық жерлердегі инженерлік инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Болатбек Молдағалиев