Биыл Бурабайдағы демалыс орындарында қызмет көрсету бағасы 20 пайызға қымбаттаған. Соған қарамастан курортты өлкеге келетіндердің қатары жыл санап артып отыр. Биыл шамамен екі миллионға жуық адам саяхаттап келеді деген жоспар бар. Әттеген-айы, туристер көбейген сайын мұндағы мәселелер де азаймай отыр.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Арқада Бурабайға жер жетпейді. Осынау көрікті өлкенің тылсым табиғаты, ну қарағайлы орманы, өзен-көлдері, қатпарлы жартастары, оқ жетпейпін Оқжетпен, мына тұрған сырлы Жұмбақтас. Осының барлығы көз алдыңа небір бейнені елестетеді. Осынау таң-тамаша табиғатты көру үшін жылына мұнда миллиондаған турист келеді. Мәселен, тек өткен жылдың өзінде Бурабайға 1,5 миллион адам саяхаттап келген.
Бұл Бурабайдағы туристер көп келетін демалыс орындарының бірі. Бір мезетте 100-ге жуық адамды қабылдай алады. Биыл демалыс орнындағы қызмет бағасы 25 пайызға қымбаттады. «Бағаның өсуіне бірнеше себеп бар», - дейді демалыс орнының құрылтайшысы. Айтуынша, өңірде демалыс маусымы ұзаққа созылмайды. Жылы, қолайлы күндер аз. Сондықтан демалысты ұйымдастыруға жұмсалған шығын кейде өзін ақтамайды.
Рахметолла Нұғыманов, демалыс орнының құрылтайшысы:
- Түрлі факторлар көп. Былай айтқанда, климаттың өзі. Бізде +50, -50. 100 градус айырмашылық бар. Жол қарым-қатынас. Қыстың кезінде көптеген жауын-шашын, жаңбыр, қар кезінде, боран кезінде жол қатынасы мүлдем болмайды. Осындай факторлар әсерін тигізеді. Жеп отырған тамақтың бәрі тасымал. Ол да әсер етеді.
Бағаның өскенін туристер де байқаған. Көбі қымбат қонақүйлерге бас сұқпайды. Тек таза ауамен тыныстап, орманды аралап қайтады.
Сенім Омар, турист:
- Бағасы қымбаттау. Бірақ қымбаттау болса да көрікті жерлері көп. Сол үшін де бағасы қымбат болады деп ойлаймын.
Айнұр Сұлтанова, турист:
- Біз үнемдеп велосипедпен келдік. Бағасы қымбат та, тиімді бағада да бар.
Жұман Мұстафин, турист:
- Бұл жерде әркімнің қалтасына мүмкіндік бар ғой. Пикник жасауға да болады. Қымбат қонақүйде де жатам десе де болады. Таңертең, кешке келем десе де болады.
Бурабайда 200-ден астам демалыс орны бар. Нарықтың құбылуы мен сұранысқа қарай, бағаны өздері бекітеді. «Бұл бизнесті қадағалай алмаймыз», - дейді жергілікті билік өкілдері. Таңдау жасау туристің өз еркінде. Әркім қалтасына қарай демалыс орнын таңдайды.
Арай Садықов, Бурабай ауданының әкімі:
- 25 мыңнан басталады. Кейбіреулері 100 мыңнан. Оны адам өзі таңдайды. Біз енді бәсекелестік ортаға шығарауымыз керек. Оның қасына басқа отельдер салып, олар бәсекелестік есебінен бағаны түсіру керек. «Әр бизнеске біз кіріп, бағаны түсір», - деп айта алмаймыз.
Осылайша, баға саясаты бәсекелестік күшейгенде ғана реттелмек. Бұдан бөлек, курортты аймақта автотұрақ мәселесі де өзекті. «Өйткені демалыс күндері мұнда 15 мыңға дейін жеңіл көлік келеді», - дейді мамандар. Осыған байланысты былтыр 500 орынға арналған автотұрақ пайдалануға берілді. Биыл оны кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко