Танымал платформалар тұрғын үй кешендерін қажетті рұқсат құжаттарынсыз жарнамалаған. Бұл заңбұзушылықтарды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мамандары интернет-платформаларды бақылау барысында анықтады.
Ведомствоның мәліметінше, кейбір құрылыс компаниялары үлескерлерден қаражат тартуға құқығы болмаса да, өз нысандарын жарнамалаған. Министрлік тұрғын үй кешендерін жарнамалау үшін міндетті түрде Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының кепілдігі немесе жергілікті атқарушы органдардың арнайы рұқсаты болуы қажет екенін еске салды. Заң талаптарын бұзғаны үшін Krisha.kz және Korter.kz интернет-ресурстарының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Арман Батырханов, Әуезов және Наурызбай аудандары бойынша қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы:
- Жыл басынан бері прокуратура органдарымен бірлесіп, пәтерлерді сату үшін заңсыз жарнама жасаған құрылыс компанияларына қатысты 34-тен аса әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде барлық құқық бұзушыларға айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Пәтер сатып алмас бұрын компанияның құрылысқа қажетті құжаттарының бар-жоғын мұқият тексерген жөн.