Алматы облысында 251 млн теңге субсидия жымқырғандар сотталды

  • 9
  • 18.06.2026, 19:37

Алматы облысында субсидияларды жымқыру және жалған шот-фактуралар жазып беру деректері бойынша сот үкімі шығарылды. Тергеп-тексеруді Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті жүргізді. Іс материалдарына сәйкес, екі бірдей агроөнеркәсіптік кооперативтерінің басшысы екі жыл бойы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидияларды заңсыз алып отырған. Ауыл шаруашылығы басқармасына шикі сүт сатып алу, сары май мен қатты ірімшік өндіру және өткізу туралы жалған мәліметтер ұсынып, соның негізінде бюджеттен 251 млн теңгеден астам қаржы төленген. Ал кооперативтерде қажетті жабдықтар, жұмысшылар және өзге де ресурстар болмаған.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Тергеу барысында жалған мәмілелерді рәсімдеу және контрагенттердің салық жүктемесін жасанды түрде төмендету мақсатында пайдаланылған «ComputerService» ЖК арқылы жалған электрондық шот-фактуралар жазып беру схемасы анықталды. Нәтижесінде бюджетке төленбеген салық сомасы 416 млн теңгеден асты. Сот қылмыстық схемаға қатысқан екі адамды 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған «BMW» автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.