Ақмола облысында «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны басталды

  • 8
  • 22.06.2026, 19:53

Ақмола облысында «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны басталды. Тартысты додаға өңірлерден және төрт шет мемлекеттен барған мыңға жуық жасөспірім қатысып жатыр. Олар бір аптада оннан астам жарыс түрінен бақ сынап, өзара мықтыны анықтайды.

Айбындықтар алғаш рет Бурабай бөктерінде бас қосты. Жарысқа 53 команда қатысып жатыр. Жас патриоттар мұнда тек физикалық тұрғыда ғана емес, тапқырлық пен шығармашылық қабілеттерін де сынайды.

Қайсар Отаубай  жарысқа қатысушы /Түркістан облысы/:

-«Айбын» әскери патриоттық жиыны бізге не береді? Бізге жаңа орта, жақсы ортаны қалыптастырады. Және сонымен қатар патриотизмді оятады. Болашақ буынға өз мамандығын табуға үлкен үлес қосады.

Әскери-патриоттық жиын осымен 12-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Жарыстың ауқымы да жыл санап кеңейіп келеді. Биылғы жиынға еліміздің өңірлерінен бөлек, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан және Өзбекстаннан келген командалар да қатысуда.

Ажыбек Рысқұлов, жарысқа қатысушы /Қырғызстан/:

-Қазақстанға бірінші жолы келдім. Бірінші сезімдерім аялай сом болды. Өз үйімізде жүргендей болдық. Өйткені «қазақ пен қырғыз бір туған» деп бекер айтпаса керек. Бұл жерде көптеген достар таптым.

Асқар Мұстабеков, ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары:

-Бұл енді жарыстық сайыс қана болмайды. Басқа да мәдениетті, өзіміздің мемлекетіміздің тарихын көрсететін іс-шаралар да, басқа мемлекеттен келген сондай шаралар ұйымдастырылады. Ең бастысы шараның маңызы салауатты, білімді, Отанына адал қызмет ететін жас патриот жас өспірімдер тәрбиелеу болып саналады.

Биыл жиындағы сайыс саны да көбейген. Қатысушылар жарыстың 13 түрінен сыңға түседі. Оның екеуі жаңа бағыт.

Мейірбек Меңдіғалиев, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы:

-Жаңа сайыстардың бірі жүзу сайысы. Сонымен қоса жасанды интеллекті мен цифрландыру жылы аясында «Жасанды интеллекті» сайысы бар. Оған біздің барлық өңірден келген жасөспірімдер, командалар өз жобаларын әкеліп жатыр. Оны таныстыратын болады.

Жарыстың алғашқы күні жасөспірімдер робототехника мен зияткерлік ойындарға қатысып, өзара мықтыны анықтады. Онда қатысушылар жаңадан қабылданған Конституция бойынша білімдерін ортаға салды. Жалпы жастар жиыны бір аптаға созылады. Жиын қорытындысы маусымның 26-і күні жарияланады.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный