Алматы облысында 20 мың тұрғыны бар шағынауданда мектеп жоқ

  • 10
  • 23.06.2026, 19:38

Алматы облысына қарасты «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі ата-аналар алаңдап отыр. 20 мыңнан аса халқы бар шағынауданда мемлекеттік білім ордасы жоқ. Былтыр мұнда жекеменшік мектеп ашылып, мәселе жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру есебінен шешілген. Яғни «Асыл арманның» балалары үшін субсидия бөлінген. «Бірақ келер оқу жылынан бастап қаржыландыру тоқтауы мүмкін», - дейді тұрғындар. 

«Асыл арман» тұрғын үй кешені 2012 жылы пайдалануға берілген. Тұрғындар мектеп жайын сол уақыттан бері айтып келеді. Мәселе былтыр шешілгендей болған. Жуырда ата-аналар чатында биыл жан басына қаржыландыру тоқтауы мүмкін деген ақпарат тарапты. 

Ақтолқын Намазбаева, ата-ана:

- Біз барлығына көніп отырмыз, тек бізге мемлекет мектепті жайлы жасап берсін. Тегін мектеп керек, бізге ақылы мектеп керек емес. 35 мың теңгенің өзін біз төлей алмаймыз. Мысалы, Іргеліде де, Кемертоғанда да бар, 30 мың халқы бар «Асыл арманға» мектеп соғып бере алмайды.

Тұрғындардың басым бөлігі – көпбалалы отбасы. «Олар мектеп ақысын қалтамыз көтермейді», - дейді. Сондықтан ата-аналар әкімдіктен бөлінетін қаржыландыруды сақтап қалуды немесе шағынауданға мемлекеттік мектеп салуды сұрап отыр. 

Ерлан Пернебай, ата-ана:

- Былтыр басқаша болған, биыл ақылы деп шу шығарып жатыр. Менің мысалы, алты бала-шағам бар, биыл үшеуі мектепке барады. Мен өзім бірінші топ мүгедегі, диализге барамын, менің ондай ақылы оқытуға шамам жоқ.

«Жергіліті билік өкілдері жаңа оқу жылына дейін мәселе толық шешіледі», - дейді. Мектеп құрылтайшылары да әкімдік тарапынан тиісті қаржы бөлінсе, оқушыларды бұрынғыдай тегін оқытуға дайын екендерін айтады.

Гүлнәр Биқожаева, Қарасай аудандық білім бөлімінің бас маманы:

- Бүгінгі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр, оның ішінде облыстық әкімдік те, аудан әкімдігі, бөлім басшылары да бар. Қазір бұл мәселе оң шешімін табады деп күтеміз. Ешқандай бала қазір ақылы түрде қаржы төлеп мектепте оқымайды. Барлық бала конституцияда көрсетілген құқығын толық қолданады.

Тұрғындар болса: «Жаңа оқу жылына дейін түйткілдің түйіні тарқатылса», - дейді. Өйткені мыңдаған баланың білім алуы осы шешімге тікелей байланысты.

Бекзат Үшкемпір, Эдуард Кон