Алматыда 55 млрд теңгелік тежегіш бөлшектер зауыты бой көтереді

  • 11
  • 23.06.2026, 19:57

Алматының индустриялық аймағында екі маңызды инвестициялық жоба – тежегіш бөлшектер шығаратын зауыт пен заманауи логистикалық кешеннің құрылысы басталды. 

Мегаполис әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлармен бірге салтанатты түрде жаңа нысандардың алғашқы іргетасын қалады. 

Мына жерде автокөліктердің тежегіш компоненттерін өндіретін жоғары технологиялық зауыт бой көтереді. Кәсіпорын өнімі халықаралық сапа стандарттарына сәйкес болмақ. Өнімді экспортқа шығару көзделіп отыр. Жобаның құны – 55 миллиард теңге. Кәсіпорын 600 адамды жұмыспен қамтиды.

Дархан Сатыбалды, Алматы қаласының әкімі:

- Президентіміз өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жоғары технологиялы өндірістерді ашуға және отандық өнім көлемін арттыруға ерекше назар аударып келеді. Міне, сол тапсырмасының аясында индустриялық аймақтың екінші кезеңі басталып кетті. Осы жерде өздеріңізбен тежегіш компоненттерін шығаратын үлкен зауыт іргетасын қоюға жиналып тұрмыз. 

Алматы – еліміздің негізгі экономикалық орталығы ғана емес, сонымен қатар халықаралық көлік дәліздері тоғысқан ірі логистикалық торап. Сондықтан мегаполисте жүк тасымалдау жүйесін дамыту маңызды. Осы мақсатта Smart AI Logistic жобасы қолға алынды. Бұл цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері енгізілген заманауи логистикалық орталық болмақ.

Ерлан Жайлаубай, Алматы қаласы индустриялық аймағының директоры:

- Жаңа деңгейдегі толық роботталған үлкен қойма. Алматы қаласында және Алматы облысында ең бірінші жоба осындай. Инвестицияның көлемі 28 миллиард теңге. 7 гектарға 35 мың шаршы метрге үлкен қоймаларды салады деп жоспарлап отырмыз.

Осылайша Алматы индустриялық аймағын игерудің екінші кезеңі басталды. Жаңа инвестициялық жобалар мегаполистің экономикасына тың серпін бермек.

Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев