Бүгін – Қазақстанда Мемлекеттік қызметшілер күні. Бұл үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін сала. Мамандар тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, цифрландыру, ашықтық және тиімді басқару қағидаттарын жүзеге асыруға атсалысып келеді.
Заңғар Қалдыбаев – мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған маман. Былтыр ғана диплом алған жас: «Бүгін ұлтқа қызмет етемін», - деп ел алдында ант берді.
Заңғар Қалдыбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент сарапшысы:
- Алдағы уақытта мемлекеттік қызметтің белгілі бір саласында еңбек етеміз деп ойлаймын. Сондай-ақ жастар елімізге белгілі бір өзгерістер алып келеді деп сенемін.
Мемлекеттік қызметші ең алдымен халықтың мүддесін қорғауы тиіс. Сондықтан сала мамандарына қойылатын талап та, жауапкершілік те жоғары. Қызмет сапасын жетілдіру үшін жуырда ғана заңға бірқатар түзетулер мен толықтырулар енгізілді.
Салауат Мақсымов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:
- Әлемдік тәжірибеде, шетелдерде бар тетіктер енгізілді. Соның бірі – көлденең мансаптық ілгерілеу. Бұрын мұндай мүмкіндік болған жоқ. Одан бөлек, мемлекеттік қызметке іріктеу толықтай цифрлық форматта өтеді. Барлық азаматтардың сол іріктеуге қатысып, бағын сынауына толық мүмкіндігі бар.
Алтынбек Қарабатыров – Президенттік жастар кадр резерві арқылы қызметке қабылданған мамандардың бірі. Ол 2020 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Қазір Адам ресурстарын басқару институтына жетекшілік етеді.
Алтынбек Қарабатыров, Адам ресурстарын басқару институтының директоры:
- Мынау министрлік осылай жұмыс істеуі керек, мынау министрлік осылай мысалы. Себебі документтер көп қой. Мысалы, 300 мың НПА бар. Соны анализ жасап шығаруға болады. Қысқаша айтқанда, жұмысты жақсы, тиімді жасау үшін зерттеу жасаймыз.
Бүгінде Қазақстанда 84 мыңнан астам мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Олар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шешімдерді әзірлеуге және іске асыруға атсалысуда. Мереке аясында өз ісіне адал, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген мамандар марапатталды.
Ердәулет Ыбырайұлы, Мейірбек Бесбаев