Ақтаулық полицей дактиль әліпбиін өз бетімен меңгерген

  • 10
  • 23.06.2026, 19:39

Ақтаулық полицей Құрбанияз Демеков дактиль әліпбиін өз бетімен меңгерген. Жол сақшысының тасжолда мүгедектігі бар азаматпен тілдескен сәті әлеуметтік желілерде жүз мыңнан астам қаралым жинады. 

Оқиға республикалық маңыздағы тасжолда болған. Патрульдік полиция тоқтатқан көлік жүргізушінің бірімен сөйлесу кезінде қиындық туындайды. Оның есту және сөйлеу қабілеті бұзылғанын түсінген жол сақшысы дактиль тілімен сөйлесіп, бағыт сілтейді. Құқыққорғаушының осы әрекеті ғаламторға таралып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Құрбанияз Демеков, патрульдік полиция ротасының старшинасы:

- Ым-ишара тілін бала-шағымда өз бетіммен үйрендім. Өйткені туғам ағам осы тілде сөйлейді. Сол себепті жолда кезіккен азаматпен тілдесу маған қиын болған жоқ. Дактиль әліпбиін еркін білуім күнделікті қызметімде қажетке жарағаныма қуаныштымын.

Полиция старшинасы Құрбанияз Демеков ішкі істер саласында 2016 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Екі жыл бұрын патрульдік полиция ротасына ауысқалы бері әріптестерімен бірлесе қоғам қауіпсіздігі әрі жол ережесінің бұзылмауын бақылап жүр.

Айбек Сүйеубай, патрульдік полиция ротасының инспекторы:

- Демеков Құрбанияз секілді әріптесімізбен мақтанамыз. Ол есту, сөйлеу мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесіп жүр. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері де кез келген уақытта көмек көрсетуге дайын. Тәуліктің күні мен түнінде олар қызмет етеді, қоғамның қауіпсіздігін қорғайды.

Туристік өңір Маңғыстауға әлем елдерінен келетін турист саны жылдан жылға артып келеді. Шетелдіктермен еркін тілдесуі үшін биыл Ақтау қаласының  патрульдік полициясы ағылшын тілі курсын оқып шықты. Екі апталық семинарға 50-ге жуық құқыққорғаушы қатысқан. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев